Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық форумы аясында 8 маңызды құжатқа қол қойылды

07.11.2019

Бүгін Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Жыл сайын ұйымдастырылтын дәстүрлі шараға әдеттегідей екі ел басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шекарасы іргелес облыстардың әріптестігін арттыру арқылы, барлық бағыттағы байланысты одан әрі нығайтудың жолдарын талқылады. Бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Ербол Мәндібек, тілші:

Ресей 18 мемлекетпен шекаралас және 150 миллионға тарта халқы бар. Федеративтік құрылымның нарығына ену оңай шаруа емес. 21 республикасы, 9 аймақтық өлкесі, 46 облысы, бұл аз десеңіз 4 автономды аймағы бар. Соңғысы Қырым мен Севастопольді қосқанда бас-аяғы 85 субьектісі бар көлемді көршіміз. Осынау үлкен нарыққа өз өніміңді өткізу, сөрелерінен ойып тұрып орын алудың амалдары көп. Соның бірі — осы өңіраралық ынтымақтастық форумы. Мұндай жиын бұған дейін 15 рет өтіпті. Нәтижесі жоқ емес бар, бірақ ауыз толтырып айтарлықтай емес.

Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы тәуелсіздік жылдарынан бері қарай санағанда үш есеге өсіпті. Бастапқыда 4-5 миллиард доллар болса, бүгінде жиырма миллиард долларға жете қабыл. Биылғы жылдың 8 айындағы көрсеткіш назарларыңызда. Алайда мәселенің барлығы импорт пен экспорттың айырмашылығында. Қазақстан нарығында Ресейдің тауар көп, ал біздің көршіге шығаратын дүниеміз тым аз. Оның өзі сол баяғы шикізат санатында. Негізінен мыс пен мырыш, алтын мен күміс, шикі мұнай, темір-терсек жібереміз. Ресей болса өзінде бардың барлығын бізге қарай өткізіп үлгеруде. Көлікті, оған керек бензинді, тіпті дөңгелегіне дейін емін-еркін жіберіп отыр. Азық-түлігінің саны айтпаса да түсінікті. Мұны мәскеулік сарапшылар мақтанышпен айтып отыр.

Алексей Сезонов, ТМД Атқарушы комитетінің гуманитарлық әріптестік жөніндегі директоры:

Бізді байланыстырып тұрған шекараларымыз мол мүмкіндіктер беруде. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық жобалары сәтті жүзеге аса бастады. Мәселен, іргелес орналасқан облыстар бір-бірімен жақын араласа бастады. Мұның өзі нарық үшін өте пайдалы. Байланысты еш уақытта үзбеу керек.

Отандық тауар өндірушілердің мүддесін арттыру мақсатында біздің елде білдей бір Сауда және интеграция министрлігі құрылды. Оның басшысы Бақыт Сұлтанов Омбыда бізге арнайы сұхбат беріп, мәселенің мәз емес екенін мойындады. Айтуынша, Ресей нарығы әлі де болса өз мүддесі жолында, әсірісе саудаға келгенде одақтас елге оңтайлы болмай тұр. АҚШ санкция салған сайын ресейлік губернаторлар дүкендегі тауарларын жиі түгендей бастаған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Заңамалық тиісті шешімдер бар...

 Омбыға келген қазақ делегациясы форум аясындағы жиындардың барлығында мәселені ашық айтты. Одақтас елміз, нарық ортақ, ендеше әрі тарт та, бері тарт қылмай әділдік алаңында жұмыс істейік деген пікірді ұстанды. Себебі, соңғы кездері шекаралас облыстардың губернаторлары қазақстандық тауарлардың кіруіне өз беттерінше тосқауыл қоя бастаған.

Мұрат Бекмұратов, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы уәкілетті сауда өкілі:

Бұлар рыноктарын ашқысы келмейді. Оны ашса білесіз Қазақстанның бағалары арзан. Ресейде қымбат. Қазақстанда зауыттар көп ғой шығаратын, сапасы өте үлкен оны бәрі біледі. Қазақстанның тауарларын ресейге қойып бере алатынын.

Сөзімізге дәлел табу үшін Омбыдағы бірнеше дүкенді аралап шықтық. Қазақстандық тауарды іздеп жүріп әрең таптық. Тәттінің 2-3 түрінен басқа еш нәрсе жоқ. Шағын маркеттің әкімшісі мұнда Қазақстан өнімдерінің үлесі небары 2-3 пайызды құрайтынын айтты.

Карина Юрченко, Сауда үйінің әкімшісі:

Тұтынушылар Қазақстандық тауарларды жиі сұрайтын болды. Бізде оның санаулы түрі ғана бар. Алдағы уақытта дүкенімізге қазақтар шығарған өнімдер көп келеді деп сенеміз.

Қазақстанда Ресеймен шекаралас орналасқан бірнеше облыс бар. Тек соның 1-2 ғана нарыққа нақты ене бастаған. Былтырғы фоурм Петропавлда өткені белгілі. Соның нәтижесі болар, Солтүстік Қазақстан өңірі Омбыдан дүкен ашуға мүмкіндік алыпты.

Дәурен Жандарбек, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Омск қаласында магазин ашқан болатынбыз, оның саны тоғызға жетті. 200-ден аса әртүрлі азық-түлік тауарларын сатып отырмыз.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық мәселесі Омбыдағы форумда кеңінен талқыланды. Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейлік әріптесі Владимир Путинмен бұған дейін бірнеше мәрте кездескені мәлім. Дәл осы дәстүрлі өңіраралық форумға президент ретінде алғаш рет қатысып отыр. Мемлекет басшысы пленарлық отырыста пәтуалы пікірлер айтты. Қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру үшін әуелі кедергілерді жою қажеттігін, мәселенің салдарымен емес, себебімен күрес керектігін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі елдің бақылаушы органдары өзара тығыз қарым-қатынас орнатқаны пайдалы деп есептеймін. Ауылшаруашылығы секторы кез келген экономика үшін қырағы бақылауды қажет ететіні құпия емес. Сондықтан бақылаушы органдар дәл осы салаға қырағы қарайды. Алайда, тексеру мен бақылау жасанды болмауы тиіс, тым артық кетпеу керек. Нарыққа шығуды тұралататын әкімшілік кедергілерді жою үшін, туындаған мәселелерді жедел шешу үшін екі елдің құзырлы министрліктері, жауапты мекемелері өзара байланысты, қызметтік қатынасты жиілетуі қажет. Осы ретте өзара жедел қарым-қатынастың алгоритімін әзірлеуді ұсынамын. Сонымен қатар, шекараларымыздағы сауда-саттықтың жоғары әлеуетін ескере отырып, шекаралас әріптестіктің халықаралық орталығын ашу маңызды. Мұндай тәжірибе бізде бар. Қытаймен арадағы Қорғас бекеті сәтті жұмыс істеп тұр. Дәл осындай жобаның баламасын Өзбекстанмен арада іске қосу әзірленуде. Мұндай бастама экономикамыздың дамуына жаңаша серпін беріп, көлік-транзиттік әлеуметімізді арттыруға күш береді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Өңіраралық ынтымақтастық форумы ең алғаш рет 2003 жылы осы Омбыда өтіпті. Араға 16 жыл салып қазақ делегациясы қайта келіп отыр. Бұл жолы отандық нарықтың мүмкіндіктері жиі айтылды. Қазақстандық өнімдер нарықтың талаптарына сай, бәсекеге төтеп беретіні айтылды. Әсіресе ауылшаруашылық өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары одақтас елге енді еркін өтеріне сенім бар. Президен Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліктің өкілдеріне мәселені айтып ғана қоймай, оны мерзімді әрі сапалы орындауды ескертті. Ал форум нәтижесі туралы айтар болсақ, көптеген отандық кәсіпорындар тұтынушы тауып, келісімдер жасасты.

Ербол Мәндібек, тілші:

Омбыдағы жоғары технологиялар көрмесіне Қазақстаннан ондаған кәсіпорын өкілдері келді. Олар Ресейлік әріптестеріне өз жобаларын ұсынып қана қоймай, өзара уағдаластыққа қол жеткізді. Мысалы, Ақмола облысындағы астық кептіретін зауыт жасайтын компания өз жобасын Омбы облысына жеткізуге және іске қосуға келісті, келісімнің жалпы құны шамамен 150 миллион теңгені құрайды. Бұл зауыт астықты қабылдайды, тазалайды, кептіреді, сақтайды. Бүгін Омбы ғана емес, Алтай аймағының, Новосібірдің өкілдері де қызығушылық танытып кетті.

Аязбек Мусин, кәсіпкер:

Бизнеске қатысты мәселелер қазір аймақтық деңгейде шешілуде. Бүгін, міне өз жобамызды Омбылық кәсіпкерлерге өткіздік. Келісім жасалды. Демек бизнесті дамытуға мол мүмкіндік беріліп отыр. Мен Ресей нарығында жұмыс істеуге дайынмын.

16-шы Қазақстан-Ресей өңіраралық форумының нәтижелеріне тоқталсақ. Президенттердің қатысуымен болған жиыннан соң, 8 маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, 8 министрлікпен, 3 облыс әлеуметтік-экономикалық салада байланысты нығайтуға келісті. Сөзбен емес, нақты іспен. Бұдан бөлек, жалпы құны 40 миллион долларды құрайтын коммерциялық келісімдер жасалды. Қазақ тарапы Ресей нарығын біледі, түсінеді, сұранысын орындауға дайын. Ең басты келісім нарықтың кедергілері жоюға қос тарап бірдей ынта білдірді. Ендігі форум келер жылы Көкшетауда өтеді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу