Бюджетке ұлттық қордан берілетін қаржы көлемі азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджетке ұлттық қордан берілетін қаржы көлемі азаяды

10.11.2022

Енді ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі азаяды. Ұлт қазынасынан бөлінетін қаражат 2025 жылға қарай 1,9 трлн теңгеге дейін төмендемек. Бұл - ұлттық қорға иек артпай, бюджетті бүтіндеудің басқа жолы қарастырылады деген сөз. Бүгін Сенатта депутаттар жергілікті және республикалық үш жылдық бюджетті талқылады.

Тұрғындардың тұрмысын түзеп, жағдайын жақсарту – Үкіметке міндеттелген маңызды іс. Президент халық табысын 2025 жылға дейін арттыруды тапсырған болатын. Әйтсе де инфляция - ырыққа, қымбатшылық - құрыққа көнбей тұр. Сондықтан депутаттар бюджет қаражаты экономикалық жағдайды ескере отырып бөлінуі тиіс, дейді.

Ғұмар Дүйсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

2022 жылдың басынан бері теңге 13%-ға жуық құнсызданған. Қыркүйек айында инфляция жылдық мәнде 17,7% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік бағасы жылдық мәнде 22,2%-ға, азық-түлік емес тауарлар 17%-ға, ақылы қызметтер 12,3%-ға өсті.

Демек халық табысын арттыру бағдарламасы мен қазіргі экономикалық ахуал үйлеспей тұр дейді, депутаттар. Аймақтар арасындағы жалпы ішкі өнім көрсеткішінде алшақтық айқын. Азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін ауыл шаруашылығы техникасы күннен-күнге қымбаттап барады. Жалпы қымбатшылық барлық салада байқалды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Инфляция қарқыны халықтың табысына тікелей әсер етеді. Бірақ инфляцияны тұрақтандыру және төмендету үшін басқа да бағдарламалар бар. Бірақ былай қарасақ қажеттілдік болған жағдайда кез келген бағдарламаны өзгертуге болады. Сол себептен болашақта жаңа шаралармен түзетеміз және енгіземіз осы мәселені шешу үшін.

Министрдің сөзінше, келер жылы инфляция 7,5- 9,5% аралығында болуы тиіс. Ал, Ұлттық банк өкілдері инфляция биыл 6,5% шегінде қалыптасады деп сендірген. Бірақ, болжам дұрыс болмады. Депутаттар өңірлердің өрісін кеңейту үшін бірқатар салық түсімдерін облыста қалдыруды құптады. Өйткені жергілікті жерде экономиканы көтермесе, алшақтық азаймайды.

Серікбай Трұмов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Атырау облысында бір адамға шамамен 9 млн теңге. Ал, Түркістан облысында 588 мың теңге құрайды. Айырмашылық 15 еседен астам. Бұл айырмашылық осы жылдар ішінде төмендеген жоқ. Аталған өңірлер арасындағы айтарлықтай диспропорцияның сақталуы өңірлердің шикізаттық емес экономикасының даму деңгейінің мардымсыз екенін көрсетеді.

Жалпы, қай саланың дамуы да салыққа байланысты. Сондықтан Сенат спикері жаңа салық кодексін сапалы жазуға шақырды. Кейін түзете бермейтіндей етіп жазылған норма кәсіпкерлер арасында ұзақмерзімді ойын алаңын қалыптастырады, дейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Жаңа Салық кодексіне мұқият қарап, ұқыпты жұмыс істейік. Асықпау керек. Бизнес, өңірлер мен түрлі сала өкілдері және қос палата депутаттарымен талқылайық. Жеті рет өлшеніп, бір кесілген Салық кодексін жасап шығу маңызды. Бұл барлығына түсінікті болғаны абзал.

Сонымен Сенат бюджетке қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Қабылданғаны тек ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт. Онда 2023 жылы 2,2 трлн теңге деп көрсетілсе, 2025 жылы 1,9 трлн теңгеге дейін төмендетілмек.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу