Ұлттық қордан алынатын ақша қорға түсетін кірістен аспауы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан алынатын ақша қорға түсетін кірістен аспауы тиіс

20.06.2022

Ұлттық қордан алынатын ақша қорға мұнайдан түсетін кірістерден аспауы тиіс. Биылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемін айқындаудың осындай жаңа тәсіл енгізіледі. Бұл туралы былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Естеріңізде болса, есеп комитеті Ұлттық қордан алынатын ақша сомасы ұлғайғанын ескерткен. Қаржы министрінің айтуынша, трансферттердің өсуі әлеуметтік міндеттемелерді, дағдарысқа қарсы шараларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру қажеттілігіне байланысты болды. Сондай-ақ, Ұлттық қордың ақшасы пандемия жағдайында экономикадағы іскерлік белсенділікті қолдауға да жұмсалған. Жақсы көрсеткіш ретінде, былтыр Ұлттық қорға мұнай секторынан түскен тікелей салық түсімдерінің көлемі 1,8 есеге ұлғайғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Ұлттық қорда ақшаны көбірек жинау үшін қандай тың тәсілдер қолданылатынын айтты.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Ағымдағы жылдан бастап кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидаларына негізделетін болады. Жаңа тәсілдерге сәйкес Ұлттық қордан бюджетке алынатын қаражат мұнай секторынан түсетін қор кірістерінен аспайтын болады. Сондай-ақ, бюджеттің шығыстарына да шектеу қабылданды.

Сонымен қатар, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан халықтың өмір сүруін қамтамасыз ететін және табиғи монополиялар субъектілеріне жататын нысандарды алып тастау көзделіп отыр. Мемлекеттік борышты басқару жүйесін жетілдіру үшін бюджет тапшылығы біртіндеп азайтылмақ. Сондай-ақ, сырттан қарызға алған ақшаны уақтылы игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу жөнінде заң нормасы қабылданған.

Бұдан бөлек, 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы жасалмақ.

Хабарламаларға жазылу