АҚШ: 48 штаттың тұрғындары өз таңдауын жасап үлгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ: 48 штаттың тұрғындары өз таңдауын жасап үлгерді

09.11.2022

АҚШ- та Конгреске аралық сайлау аяқталуға жақын. Осы кезге дейін 48 штаттың тұрғындары өз таңдауларын жасап үлгеріп, дауыс санау процесі басталып кетті.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Кейбір штаттарда уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беру бірер сағат бұрын ғана аяқталды. Сондықтан қазір дауысты санау қызу жүріп жатыр. Десе де Астана уақытымен кешкі сегізге дейін бүкіл ел бойынша дауыстар саналып бітуі тиіс. Жалпы, демократтар мен республикашылдар Сенаттағы отыз бес және Өкілдер палатасындағы барлық 435 орынға таласты. Ал дауыс берушілердің таңдауына негізінен елдегі қырық жылда болмаған инфляция мен қылмыстың көбейуі және көптеген штатта жасанды түсік жасатуға тиым салынуы тікелей әсер еткен секілді.

Лора Стриетманн, сайлаушы:

Қазіргі бірінші мәселе өмірді сақтау. Жасанды түсік жасату қылмыс. Оған мүмкіндік беретін заң не деген жиіркенішті әрі әділетсіз еді. 65 миллион америкалықтың өмірі ана құрсағында қырылды. Оның көбі қара нәсілділер.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазіргі таңда демократтар Конгрестің екі палатасын да қадағалап отыр. Бірақ, экзит-пул аралық сайлауда республикалық партия кем дегенде өкілдер палатасына ықпалын күшейтеді дейді. Яғни, мұның өзі АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына әсер етіп, Байдан әкімшілігінің жоспарларына кедергі болуы мүмкін,-дейді сарапшылар. Әсіресе климаттың өзгеруі мен Украинаны Ресейге қарсы соғыста қолдау көлеміне едәуір кері әсер етпек.

Майк Пржибрановки, сайлаушы:

Біз инфляциялық үрдісті жоюға күш салуымыз керек. Демократтар, Конгресс бақылаусыз шығын шығарып, қаржыны оңды солды шашып жатыр. Бұған жол беруіміз керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Сайлау нәтижесіне Байденнің халық арасындағы беделі де тікелей әсер етпек. Статистика АҚШ президентінің жұмысына көңілі толмайтындардың қатары көбейгенін айтады. Биылғы қаңтар айында халықтың 57% оның қызметіне оң баға берсе, қазіргі рейтингі 42% аспай тұр. Бұл факторлар тіпті республикашылардың Конгресстің қос палатасын да бақылауына алуына әкелуі ғажап емес.


Хабарламаларға жазылу