Президент Атырауда мұнай қоймасын салуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атырауда мұнай қоймасын салуды тапсырды

08.11.2022

Атырауда үлкен мұнай қоймасы салынады. Президент бүгін Үкіметке осындай тапсырма берді. Өйткені өңірде өңдеу өнеркәсібі кенже қалған. Бірақ, экономиканы әртараптандыруға әлеует зор.

Атырау – мұнайдың астанасы. Қойнауы қазынаға толы болғанымен, қордаланған проблемасында сан жоқ. Президент бүгін қоғаммен кездесуінде олардың әр біріне жеке тоқталды. Экономикасы қуатты алайда, экологиясы ушығып тұр. Уытынан өкпе мен жүрек қабынып, ана мен бала өлімі көбейген.

Мұнайды тонналап шығарса да, тобықтай өнім өндіре алмай отыр. Мұнай химия өнімдерінің 95 пайызы сол күйі сыртқа кетіп жатыр. Бұл дұрыс емес деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Атыраудың балығы бренд. Сұраныс бар, ұсыныс аз. Өйткені шаруашылық шатқаяқтап тұр. Тоқаев шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тартуды тапсырды. Ал өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қойылады.

Мемлекет басшысы осы мәселені реттеуді жүктеді. Қазір аймақтағы Жайық пен Қиғаш өзендері тартылып барады. «Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуге қатысты мәселені шешуге де міндетті»,- деді Президент.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу