Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері Қостанай және Ақмола облыстарында болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері Қостанай және Ақмола облыстарында болды

07.11.2022

Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен кездесіп, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб мүшелері Әуелі Әулиекөлде өрттен зардап шеккен жергілікті тұрғындармен кездесті. Кейін Қостанайда өңір жұртымен жолықты. Үміткердің сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Ал «Агромашхолдинг», «Баян Сұлу» секілді кәсіпорындардың қызметкерлерімен жұмыспен қамту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін сөз етті. Ал Ақмола облысында студенттермен және оқытушылармен жүздесіп бірнеше кәсіпорынды аралады.

Асхат Оралов, Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы:

Аймақтарда сайлаушылармен кездесу барысында ең шалғайдағы елдімекендерді толық қамтуды мақсат еттік. Қостанай облысына келіп осы өрт шалған Әулиекөл ауданының жағдайын білу үшін ең алдымен сіздерге келіп отырмыз.

Мейрам Қажыкен Ақтөбе облысындағы рельс зауытына барды

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Ақтөбе облысындағы рельс зауытына барды. Бұл өндіріс орны жылына 200 мың тоннадан астам рельс шығарады. Кәсіпорын өнімдері ел нарығына және алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Мұнан соң кандидат құрылыс цехының жұмысымен танысып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірісті арттыру секілді тақырыптарда пікір алмасты. Сайлаушыларға бағдарламасын таныстырды. Мұнда 500-ден астам адам еңбек етеді. Ал олардың 90%-ті кәсіподақта.

Татьяна Васильева, кәсіпорын зертханасының басшысы:

Әрине, қоғам белсенді болу керек. Ел азаматы ретінде маңызды сәт туғанда жауапкершілік сезіну қажет. Сондықтан сайлаушылар әр кандидаттың бағдарламасына қызығушылық танытып, танысып, өз таңдауын жасауы тиіс.

Қарақат Әбден Ұлытау тұрғындарымен кездесті

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің Ұлытау облысы жұртшылығымен кездесулері жалғасуда. Ол аналар және ардагерлер кеңестерінің өкілдері, білім ошақтарының психологтары мен ювеналды полиция қызметкерлері бас қосқан жиынға қатысты. Сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын түсіндіріп, сауалдарға жауап берді. Қоғамдағы өзекті проблемалардың бірі – жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу тетіктерімен бөлісті. Мамандардың ой-пікірін тыңдады.

Нұргүл Әшірова, психолог:

Бұл тақырып қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Мен психолог ретінде осы тақырып бойынша айттым және басқа да мамандардың пікірлерімен бөлістік. Өзінің бағдарламасымен таныстырып өтті.

Жигули Дайрабаев өскемендік сайлаушылармен жолықты

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Шығыс Қазақстан облысына барды. Өскемен тұрғындарымен кездесіп, қала іргесіндегі шаруа қожалықтарын аралады. Майлы дақылдар өсіретін фермалардың жұмысын көріп, күрмеулі мәселелерімен танысты. Саяси бірлестік өкілдері бұдан кейін сүт және мал шаруашылығы кешеніне ат басын бұрды. Кандидат пен оның партияластары сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасын таныстырды.

Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

Қазіргі таңда шаруалардың кейбір жерде пайдаланатын 2-3 алқапты ауыспалы егістің өзі мына жердің сапасын жақсартпайды. Ол жердің сапасын құр сақтап тұр. Мұнда 5-10 алқапты ауыспалы егіс бар. Міне соның арқасында ШҚО-дағы осы шаруашылықтардың жері жылдан жылға сапасы жақсарып жатыр.

Нұрлан Әуесбаев батыстағы сайлаушылармен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарымен Орал қаласына барды. Өңірлік штаб жұмысымен танысып, саяси науқан алдында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың жай-жапсарын пысықтады. Қазір мұнда кандидаттың сенімді өкілдері мен волонтерлар қызу жұмыс істеп жатыр. Опазициялық партия өкілі қаладағы сайлаушыларымен де кездесті. Тұрғындарға сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, сұрақтарына жауап берді. Күні бүгінге дейін Нұрлан Әуесбаев елдің 7 өңіріне барды.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

Бүгін біз Орал қаласына келдік. Осында жергілікті активпен кездестік. Кездесу өте тартысты өтті. Әр түрлі салалар бойынша сұрақтар қойылды. Алдағы жоспарымыз мүмкін Ақтауда боламыз үлгерсек және солтүстік өңірдің біраз жерінде боламыз.

Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат жұмыстарын пысықтады

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанының 16 күндігін қорытындылады. Осы аралықта ол 6 өңірді аралап, 15 кездесу өткізген. Кандидатпен жүздесуге 3 мыңнан астам адам жиналған. Салтанат Тұрсынбекова елордада өткен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестік өкілдерінің кездесуінде осылай айтты. Саяси додаға да ол осы ұйымның атынан түсіп жатыр. Әрі жиналғандарға сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып, түрлі тақырыптарда пікір алмасты.

Айнұр Жүгінісова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ төрағасы:

16 күндік қорытындыны тыңдап, жайланып, марқайып кетіп бара жатқан жайым бар. Жаңағы біздің «Қазақ аналары – дәтүрге жол» жобасының аналары көріп отырсыздар ғой жүздерінен қандай көңіл күйде кеткендерін.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу