Президентті 7 жылға сайлау туралы норма бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президентті 7 жылға сайлау туралы норма бекітілді

07.11.2022

Президентті 7 жылға сайлау туралы норма бекітілді. Бүгін Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған 6 заң жайлы айтып берді. Оның барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталған. Қабылданған құжатқа сай, президенттің өкілеттігі қысқарып, оның жақын туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайды.

Әрі мандаты 7 жылдық бір мерзіммен шектеледі. «Адам жөніндегі уәкіл» және «Прокуратура туралы» құжат қабылданды. Ал келер жылдан бастап Конституциялық сот жұмысын бастайды. Сонымен қатар депутаттар мен аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтеді.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңмен енгізіледі. Ол 3 кезеңмен өтеді. 2023 жылы әкімшіліктердің 25%, 2024 жылы тағы 25%, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді.

Сондай-ақ вице-министр 4 күндік жұмыс аптасын енгізуге қатысты қандай жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді. Айтуынша бұл норма Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған. «Қазір құжат қолдау тауып, Үкіметке енгізілді. Заң жобалау жоспарының тізіміне сәйкес, құжат Парламентке желтоқсанда енгізілуі тиіс»,- деді Мұқанова. Құжатқа сәйкес, 2023 жылдан бастап жұмыс берушіге 5 және 6 күндік жұмыс аптасымен қатар, 4 күндік жұмыс аптасын белгілеуге де мүмкіндік беру көзделген.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу