Маңғыстауды дамытудың маңызды тетіктері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауды дамытудың маңызды тетіктері талқыланды

07.11.2022

Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамыту керек. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, облысты дамытудың басым бағыттарын айқындады. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Мұнайлы өлкенің тұрғындары Президент сапарына өте үлкен мән беріп отыр. Мемлекет басшысы бүгін мына тұрған Достық үйінде өңір жұртшылығымен кездесіп, бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады. Президенттің сөзі негізінен аймақты дамытуға байланысты болды. Өңірдің әлеуетін арттыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев жеті басым бағытты айқындады. Ол жерде өндірістен бастап, білім, денсаулық, туризм мен экология мәселелері бар. Бүгінде облыстың көлік-логистикалық әлеуеті өте үлкен. Себебі Ақтау еліміздің теңізге шығатын қақпасы. Ал әлемдегі соңғы алмағайып өзгерістер осы өңір арқылы өтетін Транскаспий дәлізінің маңызын арттырып отыр. Осы орайда Президент порттың инфрақұрылымын дамыту үшін контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құру көзделіп отқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар. Ақтау және Құрық порттарының қуатын арттыратын болдық. Бұл олардың өткізу мүмкіндігін жетілдіріп, мұнай тасымалдау көлемін жылына 20 миллионға дейін жеткізу үшін қажет.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі ол - ауыз су. Әсіресе жаздыгүні тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып, қиналып қалады. 2025 жылға қарай суға деген сұраныс тіпті арта түседі деп болжанып отыр. Сол үшін аймақта 9 су тұщыту зауытын ашу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмысты мемлекет басшысы өз көзімен көріп қайтты. Сапар аясында ол Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын бірнеше ауданның тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отыр. Биыл жаңалаудан өтіп, қуаты тәулігіне 25 мың текше метрге жетті. Келер жылы жазға дейін 40 мыңға арттыру жоспарланып отыр. Бұл Ақтау іргесіндегі елдімекен тұрғындарын жаздыгүні іркіліссіз ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі барлық қалалар мен ауылдарды 5 жыл ішінде толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Президент сапары туралы толығырақ кешкі ақпаратта тарқатып айтамын.


Хабарламаларға жазылу