Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

07.11.2022

Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамыту керек. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, облысты дамытудың басым бағыттарын айқындады. Президент су тұщытатын зауыттардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын көпке созбай, Үкімет пен әкімдікке жылдам әрекет етуді тапсырды.

Аймақ тұрғындар санының өсімі бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сол себепті 2025 жылға қарай суға деген сұраныс 260 мың текше метрге жетуі мүмкін. Сұранысты өтеу үшін 9 зауыт салынбақ. Биыл 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру керек екенін айтты. Ақтау еліміздің теңізге шығатын қақпасы. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға байланысты оның маңызы тіптен артып отыр. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құру көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар. Ақтау және Құрық порттарының қуатын арттыратын болдық. Бұл олардың өткізу мүмкіндігін жетілдіріп, мұнай тасымалдау көлемін жылына 20 миллионға дейін жеткізу үшін қажет.

Шерхан Жамбыл

Хабарламаларға жазылу