Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз

06.11.2022

Қазақстан жылына 85-87 млн тонна мұнай өндіреді. Оның шамамен 17-18 млн тоннасы ішкі нарыққа жіберіледі. Осынша қара алтын өңделіп, соңғы тұтынушыға жеткенше монополистер мен арадағы делдалдар қыруар табысқа кенеліп қалады.

Олег Крук, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Бұрын мұнай өңдеу зауыттары шикізатты өздері сатып алып, өңдеп өздері сататын болса қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір олар өңдеумен ғана айналысады. Мұнайды жеткізіп берушілер пайда болған. Олар әкеліп мұнайды өңдетіп алады да, қайта өздері алып кетеді. Жанармай құю бекеттеріне де өздері таратады.

Яғни, қазір нарықта мұнай өнімдерін ұсынушылар бар. Тонналап шикізатты сатып алады. Сосын зауытта өңдетіп, жанармай құю бекеттері мен өзге тұтынушыларға да өздері таратады.

Нұрлан Жұмағұлов, ENERGY MONITOR қоғамдық қорының диреторы, сарапшы:

Мысалы Петросан деген компанияны алайық. Сол компанияның таза табысы еліміздегі мұнай өңдейтін үш ірі зауыттың табысынан 2 есе көп болды. Бұл табысты неге мұнай өңдеу зауыттары өздері пайдаланбайды, мысалы? Олардың барлығында несиелері бар. Модернизацияға кеткен миллиардтаған ақшаны өтеу керек қой. Егер олар мұнайды алып, өңдеп нарыққа сатып жатса, олар табысын арттырады және өзінің қарызынан тезірек құтылады.

Ішкі мұнай нарығында ҚазМұнайГаз бен Петросанның үлесі 75-80 пайызға дейін жетеді. Мүмкіндіктері зор. Төмен бағада мол өнім сата алады. Алайда бағаны өзгелерден әлдеқайда төмен түсіру экономикаға зиян келтіруде.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

ҚазМұнайГаз бен Петросанды қарасақ, бағасы басқа мұнай берушілермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы оларда дизель отынының бағасы 222-227 теңге арасында болса, шағын мұнай беруші компанияларда 300-350 мың теңгенің арасында. Сондықтан осы екі ортада көптеген делдал компаниялар пайда болады. Өйткені Қазмұнай мен Петросаннан сатып алып, басқа нарыққа көтерме бағамен сатып жүр.

Сайып келгенде мұнайды жер қойнауынан өндіруші де, өңдеуші де, соңғы сатушы да тек қара жұмысшы кейпінде қалып отыр. Қиынын өзгеге істетіп, мол пайдаға кенелетін - делдалдар мен өнімді ұсынушылар. Мәселені реттеу үшін Энергетика министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі жаңа заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді.

Қуат Асамбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дпартаменті директорының орынбасары:

Ең бірінші мақсат әрине делдалдардың тізімін қысқарту. Нарыққа тек мұнай өндіретін компания және мұнай өңдейтін зауыттарды қалдыру және жанар-жағармайды бөлшек саудада сататын соларды нарықта қалдыру мақсат.

Қолданыстағы заң бойынша иелігінде, яки жалға алынған мұнай базасы немесе резервуары бар тұлғалар шикі мұнайды сатып алуға құқылы.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Өзгерістерге сәйкес көтерме саудамен айналысу үшін түгелімен база немесе жекеменшікте болуы керек немесе арендада болуы керек. Резервуарды арендаға алуға болмайды деп отырмыз.

Бұл мұнай өнімдерін толық бақылауға алуға мүмкіндік береді деген сөз.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мұнай базасында түгел шыққан өнімдер сол арқылы, яғни база арқылы өтеді. Одан кейін оны есептеу де, бақылау да оңай. Одан кейін бүкіл шыққан мұнай өнімдерін қай жаққа, қайда кеткендерін біліп отырасыздар. Бағасын да біліп отырасыздар. Қандай бағамен, қандай маржамен сатып отырғанын да біліп отырамыз.

Делдалдар толық жойылмайды. Тек мұнай базасы барлары ғана нарықта қалады. Ал еліміз бойынша 350 ден астам базасы бар.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Делдал компанияның бәрі керек емес деп айтуға болмайды. Өйткені алыс региондағы АЗС-тар зауыттан тасымалдайды. Мысалы айына 30 тонна керек. Ал вагонмен 60 тонна келеді. Оны 2 ай сатады. Ондай жерлерге, әрине делдал компаниялар керек. Олардың да бағаларын қадағалап отыру керек.

Былайша айтқанда енді жанармай құю бекеттері өнімдерін мұнай өңдеу зауыттарынан, ал зауыт өндірушіден тікелей сатып алады.

Қуат Асамбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті директорының орынбасары:

Негізінде бізде осы жылдан бастап Энергетика министрлігінің тарапынан баға реттеу енгізілген. Қазір баға мемлекет тарапынан реттеліп жатыр. Ол қашан қоятыны әлі белгісіз. 

Осылайша мұнай-газ саласында негізгі жұмысты атқарушылардың табысы өсірілмек. «Бұл - бағаны тұрақты ұстап тұруға және тапшылықты болдырмаудың ең негізгі тәсілі»,- дейді сала мамандары.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу