Кәсіпкерлер сенімін арттыру маңызды - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер сенімін арттыру маңызды - Президент

13.12.2022

Елімізде әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек. Әділетті бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, нарықтық экономика оң құрылады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы мәселеге тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, осы істе, ең алдымен отандық кәсіпкерлердің сенімін арттыру керек.

Сана Жандай 20 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Оның қолға алған жобасы - экологияны қолдау бағытында құрылған. Яғни қағаздан жасалған қап әзірлейді. Өнімділігі - айына 1 миллион дана қап шығарады. Кәсіпкер өз ісін дөңгелету үшін 20 жылда бірқатар кедергіге кезіккенін айтады.

Сана Жандай, кәсіпкер:

Екінші деңгейлі банктың бірінен 100 миллион теңге несие сұрап барғанбыз. Кепілдік ретінде тура сол сомманы сұрады. Менде ондай қаржы болмаған. Ал монополист компаниялардың сол көлемдегі қаржыны алуға қауқары жететіні анық. Жалпы Қазақстанда шағын және орта бизнес иелері кездесетін қиындықтар көп.

Бұл ретте Мемлекет басшысы нарықтағы бәсекелестік жүйені күшейту қажеттілігін айтқан еді. Ол үшін мемлекеттік субсидиялар мен несиелерді ірі компанияларға құймай, шағын және орта бизнеске қолжетімділігін арттыру маңызды болып отыр. Өйткені мемлекет игілігі оларға да тиюі қажет. Сонда ғана экономика бойына қан жүгіреді,-дейді мамандар.

Мақсат Сералы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Наурызбай ауданы филиалының директоры:

Қазір ішкі нарықты 30 пайызға ғана қамтамасыз етеміз. Осының есебінен бағаның көтерілуі, инфляцияның көтерілуі, барлық туындап отырған бірден бір себебі осы. Яғни ішкі нарықты кем дегенде 65-70 пайызға қамтамасыз еткенде тұрақты экономикалық даму болады.

Яғни тауар сатуда делдалдарды азайтып, қаржылық қолдауға жеңілдікті көбейтсек қана еркін бәсекелестікті қалыптастыруға болады. Осы орайда экономиканы монополиядан арылту үшін мекемеаралық комиссия құрылғаны белгілі. Ал оның жұмысының нәтижесі келешектің еншісінде.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу