Қазақстандық IT маман смартфон ойынын әзірлеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық IT маман смартфон ойынын әзірлеп жатыр

05.11.2022

Қазақстандық IT маман смартфон ойынын әзірлеп жатыр. Ерекшелігі төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптейтін жоба қазақ тілінде жарыққа шықпақ. Бірегей бастаманы қолданысқа енгізу үшін қолдау мен қаражат қажет, дейді автор.

Бағлан Төлебай - 3D графиканы игерген инженер, IT маман. 25 жастағы жігіт жоғары оқу орнының оқытушысы. Кішкентайынан Батырлар жырын оқып өскен Бағланға осыдан төрт жыл бұрын смартфон арқылы ойнайтын ұлттық ойын шығару идеясы келеді. Сол уақыттан бері осы жобаны қолға алып, дамытып жүр.

Бағлан Төлебай, ұлттық ойынның авторы:

Ұлттық құндылықтармен нәрлендіреді баланы. Біріншіден, осы. Екіншіде, әр бала, ойындарға ақша салатындар да бар. Ол да қызық былайынша, егер ата-анасының рұқсатын алса, жаман нәрсе емес. Сосын да біздің қанша қаражатымыз шетелге кетіп жатыр. Шетелдің ойындарына. Осының орнына біздің ұлттық құндылықтарға кетеді.

«Ер төстік» ертегісінің желісінде жасалған ойында бала батырлар бейнесіне еніп, шытырман оқиғаларға тап болады. Құбыжықтарды жеңу үшін қару-жарақтан садақ, найза, қалқан не қылышты таңдай алады. Тіпті, қымыз ішіп, қосымша күшке ие болады. Осылайша, автор ойынды барынша ұлттық сипатта әзірлеуге тырысқан.

Нұрдәулет Төлеуханов, Бағланның шәкірті:

Күнделікті байқап жүргенім - қазақ отбасыларындағы кішкентай балалар орысша сөйлейді. Себебі, олар кішкентай кезінен ютюб қарайды, тикток көреді. Ойындардың барлығы орыс тілінде. Осы нәрсе маған батады өзіме. Сол себепті қазақ тілінің деңгейін көтеруге ат салысқым келеді. Осы жоба соның бастамасы деп түсінемін.

Әзірге жұмыстың 1 пайызы ғана жасалған. Бағлан осының өзіне 5 миллион теңге жұмсаған. Жобаны енгізу үшін әлі 95 миллион теңге қажет дейді. Бұл ретте Бағлан өнертабысын министрлікке де, меценаттарға да ұсынған. Алайда қаржылық қолдау таппаған. Білікті маман бірнеше шет мемлекеттен жұмысқа шақырту да алған. Бірақ, «Ер - туған жерінде» деген ұстанымы бар азамат осы жобамды аяқтамай, ешқайда кетпеймін, деп бекініп отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу