Бас прокуратура өкілі: Рақымшылықа іліккен адамдар ақталды деп есептелмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокуратура өкілі: Рақымшылықа іліккен адамдар ақталды деп есептелмейді

03.11.2022

Айыппен келіспегендер де рақымшылыққа ілінеді. Азаматтар амнистиямен жазадан босатылады. Ал өзінің ақ екенін ары қарай сотқа шағымдану арқылы дәлелдей алады. Заң тәртібін түсіндірген адвокаттар мен адам құқықтары жөніндегі омбудсмен осылай, дейді. Жалпы мемлекеттің бұл шешімі жаза басқандарға жаңа мүмкіндік. Бір жарым мың азамат үшін қуанышты жаңалық. Бірқатар азамат қылмыстық жауапкершіліктен босайды, енді басқаларына жаза мерзімі қысқарады. Дегенмен заңның шапағаты бәріне бірдей бұйырмайды. Бұл жеңілдіктің қаралы қаңтарда ойран салып, қанды қырғын жасағандарға қатысы жоқ.

Рақымшылық заңын асыға күткендердің бірі – Мейрам Курджиева. Оның інісі қаңтардағы оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 7 жылға сотталған. Алайда олар бұл шешіммен келіспейді. Бауыры көппен бірге алаңға шығып, опық жеп қалды, дейді. 8 айдан бері абақтыда отыр. Енді бар үміті осы рақымшылықта.

Мейрам Курджиева:

Інімнің 4 баласы бар. Кәмелетке толмаған. Өзі жалғыз асыраушы. Ол ешқандай жаман оймен барған жоқ. Елмен бірге деп сол митингке барғаны ғой. Рақымшылық шыққанынан өте қуанамыз. Өйткені ол кінәсіз отырған, ол өте қуанышты жағдай.

Бұл рақымшылық бұрынғылардан өзгерек. Себебі осы уақытқа дейін мемлекет белгілі бір мерекелік даталарға орай амнистия жариялап келсе, бұл жолы оқиғаға қатысты арнайы заң шықты. Құжаттың қабылдануына «Аманат» қоғамдық комиссиясы да үлес қосты. Оның төрағасы, адвокат Абзал Құспанның сөзінше, заңның тағы бір ерекшелігі – шектеулер өте аз, тіпті жоқ десе де болады. Рақымшылық кінәсін мойындағанға да, мойындамаған адамға да қолданылады.

Абзал Құспан, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат:

Онша ауыр емес және орташа ауыр санаттағы азаматтар олар соттылығы да жойылады. Олар толығымен рақымшылық заңы қолданылып, олардың соттылығы да жойылады. Ол туралы заңда да көрсетілген. Ал ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша олардың жазасы қысқартылады ғой белгілі бір мөлшерде. Олар әрине сотталған деп танылады. Бірақ оның соттылығы оның жұмысқа орналасуына басқалай да әлеуметтік мәселелеріне кедергі болмауы тиіс деп көрсетілген.

Алайда прокуратураның дерегі басқа. Олар азаматтардың анықтамасында «сотталған» деп емес, «рақымшылыққа ілінген» деп жазылады. Сондықтан кейбір шектеулер болады, дейді.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Рақымшылықа іліккен адамдар ақталды деп есептелмейді. Сондықтан рақымшылық бойынша босатылған адамдар үшін заңнамада белгілі бір шектеулер бар. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке, құқық қорғау қызметіне кіре алмайды. Бірақ бұл шектеулердің олардың туыстарына ешқандай қатысы жоқ.

Жалпы амнистияға бір жарым мыңнан аса азамат ілігеді. Олардың басым көпшілігі шартты түрде жазаға кесілгендер. Ал түрмеге қамалған 102 адам осы науқан аясында жеңілдік алуы немесе бостандыққа шығуы мүмкін. Олар бойынша рақымшылық қолдану туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Шерхан Жамбылұлы

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу