Ақтауда жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйді бұзу туралы сот шешімі шықты.
Бұған себеп құрылыс жұмыстарының рұқсатсыз жүргізілуі. Он бір қабатты «Әлем Тауерс» тұрғын үй кешенінде 150-ге жуық пәтер болады деп жоспарланған. Қазір 8-ші қабаты қаланып жатыр. 63 пәтер сатылып кеткен. Тұрғындар бар жиған-тергенін баспана үшін төлеген. Сондықтан құрылыстың аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Алайда, мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, құрылыстың рұқсат құжаттары жоқ. Сол себепті нысан өз бетімен салынған құрылыс деп танылып, сотқа шағым түсірілді. Ал, мердігер компанияның басшысы, жобаны бас архитектордың рұқсатымен бастағанын айтады.
Арман Жұбанов, мердігер мекеменің басшысы:
АПЗ сәулеттік жобалау тапсырмасы дейді соны алдық. Алдын ала жобалау бас архитектормен келісім бар. Қолы, мөрі болады. Себебін айтпай, бізге хабарлама жібермей, алады да біздің алдын ала жобалауды мен АПЗ ны күшін жойып етіп тастайды.
Амантай Сүйеуов, Ақтау қаласының тұрғыны:
Үйді сатып осыған салдым. Енді бір жақсы болып көтеріліп келе жатыр еді негізінде. Арт жағынан осы сот деді. Қарайған адам осы жерден үй алып жатырмыз. Бізге анық жауабы болса, біз енді далада қалмайық.
Құрылыс компаниясы сот шешімімен келіспей, қарсы шағым түсіретінін жеткізді. Ал, Сәулет құрылыс басқармасының басшысы, аталған үйдің сапасына жауап бере алмайтынын айтады. Сондықтан, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс дегенді алға тартады.
Дәурен Өтепқали, Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы:
Егер де құжаттары рәсімделсе, бұл жерде салымшылардың да мәселелері бар, ары қарата құрылыстарын құжаттарын рәсімдеп, қорытынды алса, конструкциясына зақым жоқ бәрі өзінің жұмыс күйі болатын болса, ары қарай құрылысын жалғастыруға болады.
Аягөз Оралбайқызы
