Маңғыстауда құс фабрикасындағы 200 мыңға жуық тауық жаппай қырылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда құс фабрикасындағы 200 мыңға жуық тауық жаппай қырылып қалуы мүмкін

01.11.2022

Маңғыстауда құс фабрикасындағы 200 мыңға жуық тауық жаппай қырылып қалуы мүмкін. Себебі, бірнеше күннен бері жем жоқ. Аш қалған қанаттыларға азық 2-3 күнде жекізілмесе, бірде- бір құсты аман алып қала алмаймыз, дейді мамандар.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Құс сою цехында жұмыс күндегідей қарбалас. Мұнда сойылған құс қапталып, тасымалдауға әзірленеді. Жалпы зауытта 150-дей адам жұмыс істейді. Алайда, ертеңнен бастап, цехтардың барлығы жұмысын тоқтатады. Өйткені, соятын құс жоқ. Құсқа беретін жем таусылған.

Азықтың таусылғанына бірнеше күн болған. Кәсіпорын басшысы Данияр Тұрғыновтың айтуынша, 300 тоннадан астам жем осыдан 3 күн бұрын жеткізілуі тиіс еді. Алайда, келмей қалған. Дислокация бойынша вагондар Қарағанды облысының аумағында тұр. Жем болмағандықтан мамандар тауықтарды ұйқыға жіберген. Бірақ, құстарды олай ұзақ ұстай алмаймыз, дейді мамандар.

Данияр Тұрғынов, құс фабрикасының басшысы:

Ұйқы режимінде қазір жарықты өшіріп тастап, ұстап отырмыз, жем келгенше уақыт созудың амалы. 2-3 күн ұстай аламыз тек қана. 2-3 күннің ішінде көбейеді. Өлетіні ішіндегі сомен мекеменің минусқа кетіп, банкротқа ұшырау қапері бар.

Тұпқараған ауданындағы құс фабрикасы былтыр жазда ашылды. Жылына 5 мың тонна тауық етін өндіреді. Ай сайын 400 тонна өнім шығарып, өңірді 50 пайыз құс етімен қамтып отыр. Аймақ шалғайда орналасқандықтан, кәсіпорын құс азығын солтүстік және шығыс қазақстан облыстарынан вагонмен алдырады. Алайда, тапсырыстары үнемі кешігіп келеді.

Данияр Тұрғынов, құс фабрикасының басшысы:

Тауықтар өспей қалады. Сату көлемі төмендейді. Ал бізде Агро несие корпорациясының алдында өзіміздің міндетіміз бар. Айына 200 млн-ның үстінде несие төлеп отырмыз. Ол несиені төлей алмай қалайын деп отырмыз. Келесі желтоқсан айында 300 млн несиеміз тұр.

Құс фабрикасындағы қиын жағдайдан жергілікті билік өкілдері мүлдем хабарсыз болып шықты. Ертең шұғыл шаралар қабылдамақ.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Азықтың тасымалына жауапты Қазақстан темір жолы компаниясына біз де сұрау салдық. Бірақ олар жүк вагондарының не себепті Қарағандыда қаңтарулы тұрғанын түсіндіріп беруден бас тартты. Мәселе бүгін-ертең шешіліп, құстарды аман алып қалмаса, жүзден астам адам жұмыссыз қалмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу