Үкімет отырысында білім беруді дамытудың алдағы 4 жылға арналған тұжырымдамасы бекіді. Енді шағын жинақтық мектептерде қосымша онлайн білім беру тәсілі енгізіледі. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою үшін министрлік осындай бастаманы қолға алмақ.
Әуелі балабақша бағдарламасы түгел өзгереді. Балаларды ерте дамытудың жаңа моделі дайындалады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бүлдіршіндерді жас ерекшеліктеріне сай ойын арқылы оқыту қарастырылып отыр. 2026 жылға дейін білім беру саласы түгел цифрланады. Алдымен ұстаздар мен оқушылардың жеке цифрлы портфолиосы әзірленеді.
Онда мұғалімдердің еңбек жолы, ал балалардың балабақшадан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі жеке мәліметтері жазылады. Сондай-ақ аттестаттар мен дипломдар да QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Ал оқулықтар түгелімен электронды форматқа ауысады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Шағын жинақтық мектептерде қаладағы мектептермен салыстырғанда білім беру сапасында айырмашылық бар. Осы мәселені шешу үшін шағын жинақтық мектептерде онлайн білім беруді енгіземіз. Жалпы 1-11 сыныпқа дейін оқулықтар толық электронды форматқа ауыстырылады. Жалпы электронды оқыту жүйелері 3,7 млн балаға қолжетімді болады.
Раушан Сайлауқызы