Маңғыстауда пайдалы қазбаларды өндіретін кәсіпкерлік нысандар экологиялық, архитектуралық және салық заңнамасын өрескел бұзып келген. Мәселен, бір ғана Шетпе ауылы маңындағы оннан астам карьердің кесірінен елдімекендегі 17 мың тұрғын шаңға тұншығып отыр. Заңды белден басқан керьер иелеріне қандай шара қолданылады?
Ауыл тұрғыны Серікқали Мұңатовтың айтуынша, осыдан 7-8 жыл бұрын тауды жарғанда қатты жарылыс болып, салдарынан жақын маңдағы үйлердің бәрінің қабырғасы сөгілді. Дүрсілдетіп тау-тасты қопарған сайын жер қозғалады дейді, ақсақал. Салдарынан қазір баспанасы қисайып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, шаң-тозаңның мәселесі өз алдына.
Серікқали Мұңатов, Шетпе ауылының тұрғыны:
Мына қара тауда 22 мен 24-тің арасы, анау қаратауда 24-пен 28-дің ортасында уран бар екен. Радиация бар. Соның бәрін жұтып отырмыз ғой. Форточкілердің барлығын қымтап қоямыз ыссы болса да. Күн ыстық болса да сәл ашсаң ана жердегі тұрған ыдыс-аяқ, шкаф шифонер бәрі дейтін тұнып қалады.
Халықтың жан айқайынан соң, бас прокуратураның тапсырмысымен барлық мемлекеттік құзырлы органдар карьерлерге кешенді тексеру жүргізді. Нәтижесінде жарылғыш заттарды шектен тыс қолдану, шаңды басуға судың жеткіліксіздігі, биоорганикалық шаңның ауаға тарауы сияқты заңға қайшы деректер анықталды. Әзірге 6 карьердің иесіне айыппұл салынды.
Талғат Дәуітбаев, Маңғыстау ауданы прокурорының орынбасары:
Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті заңдылықты бұзуға жол берген кәсіпкерлік субъектілерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 298 бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартты. Қалған прокурорлық актілер әлі қаралу үстінде.
Карьер қожайындарымен сұхбаттасуға тырыстық. Тек «Нұра» кәсіпкерлік нысанының өкілі ғана келісті. Ол қиыршық тас өндіруде талаптарды бұлжытпай орындап отырғанын айтады.
Ақыт Ибатұлы, кәсіпкерлік нысанның өкілі:
Ауылдың наразылығын тудырмас үшін, халықтың талабын орындап біз шаңды басу әрекеттеріне жалпы жұмыс жасап жатырмыз. Бізде қазған құдықтар бар, арнайы су себетін 3 машинамыз бар. Солардың арқасында біз талаптарға сай жұмыс жасап отырмыз.
Шетпенің таулары сонау 60-ыншы жылдан бастап игерілуде. Ол кезде 2-ақ карьер болатын. Ал қазір 29 карьердің жұмыс істеуге келісім шарты бар. Аудан басшылары шаңды басу үшін су сеуіп, карьерішілік жолдарды салуды міндеттеп отыр. Сондай-ақ, соңғы 2 жылда 4 карьер ауыл маңынан көшірілген.
Аягөз Оралбайқызы