Жылына 3000-ға жуық сарбаз тегін жоғары білім алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылына 3000-ға жуық сарбаз тегін жоғары білім алады

28.10.2022

Енді жылына 3000-нан астам сарбаздың ұлттық бірыңғай тестіні тапсырмай-ақ грантқа түсуіне мүмкіндігі бар. Олардың жауынгерлік даярлығы мен үлгілі тәртібі жайлы ақпараттар арнайы цифрлы платформаға енгізіледі. Бұл жүйе келешекте кімдердің грантқа түсуге мүмкіндігі барын анықтауға сеп. Қорғаныс министрлігі күні кеше еліміздегі 50-ге тарта жоғары оқу орнымен келісімге келді. Бұдан бөлек, сарбаздарға кемі 13 ай несиелік демалыс беру де қарастырылған. 

Жолбарыс Төлеужанұлы күні кеше ғана әскерден келді. Отан алдындағы борышын ойдағыдай атқарған ол жоғары оқу орнына тапсырғысы келеді. Бұған дейін медицина мамандығы бойынша колледж бітірген. Ендігі арманы - жоғары білікті дәрігер болу.

Жолбарыс Төлеужан, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Отан алдындағы борышымды өтеп, күні кеше ғана үйіме оралдым. Ата-анаммен қауышып, қуанып дегендей. Ендігі мақсатым өзім қалаған мамандығыма тапсырғым келеді. Жаңа бастама жайлы естіп жатырмын. Бұл менің арманымды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік. Құжаттарымды жинап тапсырып көремін бұйырса.

Енді әскери борышын өтегендер Ұлттық бірыңғай тестіні тапсырмай-ақ ақылы немесе грантқа оқуға тапсыра алады. Қорғаныс министрлігі Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жастарға осындай мүмкіндік бермек. Әуелі әскерилердің жауынгерлік даярлығы мен тәртібі жайлы мәліметтер цифрлық платформада жинақталады. Бағалау қортындысына қарай отырып, тәуелсіз комиссия кімдерге жеңілдік жасалатынын іріктейді.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің басқарма бастығы:

Екі тұрғыда жүзеге асырылады. Біріншіден Отан алдында борышын өтеген азаматтардың барлығы ақылы негізде екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндік алады. Екіншіден борышын өтегендердің ең үздіктері жоғары оқу орнына тегін оқуға мүмкіндік алады.

Жыл сайын әскер қатарына 35000 азамат шақырылса, соның кемі 10 пайызы, яғни 3000-нан астам сарбаздың тегін оқуға мүмкіндігі бар. Бағдарлама 2023 жылдан бастап жүзеге асады. Десе де, биыл әскери борышын өтеп жүргендер бұл жеңілдікке ілігеді. Оқуға тапсырудың қосымша механизимдері алдағы бір апта ішінде Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланады.

Отан қорғаушыларға жеңілдік: Сарбаздарға уақытша несиелік демалыс беріледі

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Әскерге шақырылғандардың жеке басында несиесі болса, оларға жеңілдік жасалмақ. Яғни, кредит төлеуден уақытша босатылады. Сарбаздарға әскери борышын өтеу және жұмысқа орналасу уақытымен қоса есептегенде шамамен 13 айға дейін кредиттік демалыс берілмек. Қазір қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісімге келу мәселесі қарастырылып жатыр.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу