Түркістан облысында мақтаға қатысты туындаған проблемаларды шешу үшін агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастыру керек. Сөйтіп шаруаларды шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелділіктен арылтқан жөн. Бұл туралы өңірде өткен жиында айтылды. Мақта саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылдау, инвестициялық субсидия арқылы мақта өңдеу зауыттарын және тоқыма, тігін фабрикаларын салу жолдары талқыланды. Сондай-ақ, инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу ұсынылды. Шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді қарастыру мәселесі көтерілді. Мақтаның экспорт көлемін көбейтіп, инвесторларды қолдау мақсатында темір жол, жүк көлігі тарифтерін төмендету мүмкіндіктері де қаралды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
Біз орталық органдардың барлығын біздің өңірге шақырамыз. Осы жерде тиісті мәселелермен және тиісті шаруалармен және мақта зауыттарымен кездесіп, тағы да бір талқылап, одан кейін бір шешімге келіп, ұсыныспен келейік үкіметке. Тағы да біздің депутаттарымыз қолдайды деп ойлаймын.
Айнұр Ақбаева