Орталық Азия елдерінің бестігі мен Еуропалық кеңес президентінің жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдерінің бестігі мен Еуропалық кеңес президентінің жиыны өтті

27.10.2022

Ақордада Орталық Азия елдерінің бестігі мен Еуропалық кеңес президентінің жиыны өтті. Қазақстан мен Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінің көшбасшылары аймақ үшін маңызды мәселелерді талқыға салу үшін осы айда екінші мәрте Астанада бас қосты. Бұл жолы күн тәртібінде - кәрі құрлықпен байланысты бекемдеу мәселесі тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Орталық Азия мен Еуропада орналасқан елдер араға қабырға емес, көпір салуымыз керек деді. Әлемдегі ахуал жылдам өзгеріп жатыр. Президенттің сөзінше, Орталық Азия бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістен туындаған қауіпті сезінеді. Еуразия кіндігінде өзара сенім мен ынтымақтастық рухын күшейту - өте маңызды деді ол. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық іс-әрекетті ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде Еуропалық Одақ – Қазақстанның басты экономикалық әрі сауда серіктестерінің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы 10 жылда Еуропалық Одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Бұл, іс жүзінде, аймаққа тікелей салынған инвестицияның 40 пайызын құрайды. Бүкіл қаржының шамамен 70 пайызы Қазақстанға бөлінді. Биыл 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше елдер арасындағы сауда көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 40 пайыздан астам артты. Қазіргі таңда еуропалық капиталдың үлесі бар 3 мыңға жуық компания Қазақстан экономикасының түрлі секторында жұмыс істеп жатыр.

Президент өзара және Еуропа елдерімен сауданы күшейту мүмкіндіктерін де атады. Мәселен Қазақстан машина жасау, темір мен болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы секілді салаларда жылына құны 1,5 миллиард доллар болатын 100-ден аса өңделген өнім ұсына алады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу