Қазан айының соңғы онкүндігі еліміз бойынша табиғаттың тосын сыйына толы болатын секілді. Түркістан облысында бес сағат бойы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бір сәби көз жұмып, бірнеше ұсақ мал қырылған. Тұрғын үйлер мен аулаларды су басты. Ал Ақмола өңірінде ақ ұлпа жауып қозғалыс қиындаған. Солтүстікте болса әдеттегіден ерекше жылы ауа райы сақталып тұр. Толығырақ аймақтардағы әріптестерім тарқатсын.
Ғани Қалмахан, тілші:
Иә, күн райының бұзылуы Түркістан облысы мен Шымкент жұртшылығын әбігерге салды. Бүгін түні бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан Қазығұрт, Бәйдібек және Сарыағаш аудандарындағы 21 үйдің ауласын су басып қалған. Мал қоралар қирап, суға тұншығу салдарынан 13 ірі қара қырылды. Ал Қазығұрт ауданындағы қайғылы жағдайдан 2 жасар сәби шұңқырдағы суға батып кетіп, көз жұмды. Бүлдіршін таңертең сағат 9 жарым шамасында ересектердің қарауынсыз есік алдына ойнауға шыққан.
Талғат Досалиев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:
Жалпы су сору жұмыстарына департамент және жергілікті атқарушы органдармен су қашырту жұмыстары атқарылады. Қазір бұл жұмыстар толғымен аяқталды.
Шымкент
Құтқару қызметіне 70 шақырту түскен
Тоқтаусыз сіркіреп жауған жауын Шымкент тұрғындарының да мазасын қашырды.Төтенше жағдай департаменті диспечерлік орталығына 8 мекенжайдан 70 шақырту түскен. Түнгі сағат 1 шамасында басталған авариялық-құтқару жұмыстары таңға дейін жалғасты. Абай, Әл-Фараби және Қаратау аудандары аумағынан 200 текше метр су шығарылды. Бұл жұмыстарға өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің 26 маманы жұмылдырылды. 8 техника және 8 мотопомпа тоқтаусыз жұмыс істеді.
Көкшетау
Қар жауып, көктайғақ болды
Ақмола облысында қар түсті. Салдарынан көктайғақ болып, жолдағы қозғалыс қиындады. Тіпті, Көкшетаудан бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Полиция қызметкерлері 250 көлікті Астана қаласына дейін жеткізіп салған. Осы күндері 10 шақты жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бір адам көз жұмды, жарақат алғандар да бар. Жүргізушілер дөңгелектерін қысқыға ауыстырмаған. Сондықтан қазір дөңгелек жөндеу орындарында кезек көп. Аймақтағы жылу қазандықтары қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың көбі көмір алып үлгерген, қазір сұраныс азайып келеді. Синоптиктердің айтуынша, бүгін түнде және ертең де қар жауады. Қарашаның басында күн сәл жылынады деген болжам бар.
Солтүстік Қазақстан
Эльмира Кәленова, тілші:
Солтүстік Қазақстанның халқын биылғы күз жылы ауа райымен қуантуда. Синоптиктердің мәліметінше қазан айы әдеттегі көрсеткіштен 3-4 градусқа жылы болып тұр. Екінші онкүндікте максималды температура 20 градусқа дейін көтерілген болатын. Мұндай ауа райы соңғы рет 2011 жылы тіркелген екен. Қыркүйек айынан бері өңірде екі рет ұшқындап қар жауып, еріп кетті. Мамандар ай соңына дейін осындай ауа температурасы сақталатынын айтып отыр.