Аймақтарда Республика күні қалай тойланып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда Республика күні қалай тойланып жатыр?

22.10.2022

Ұлттық мереке мәртебесі қайта берілген Республика күні еліміздің әр өңірінде сән салтанатымен аталып өтуде. Ел аумағында жаңа нысандар ашылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жандос Темірғали, тілші:

13 жылдан кейін тұғырына қайта қонған ұлық мерекені атыраулықтар мына мен тұрған Жайық кешенінде жоғары деңгейде атап өтті. Той көрігін өңірге белгілі сахна саңылақтары қыздырып, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады. Ұлтты ұйыстыратын рухани маңызы зор осынау айтулы күнде, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан 33 адам мемлекеттік наградамен және 2 Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» Алтын медалімен марапатталды.

Гүлмайдан Сүндетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Біздің егемендігіміздің арқасында осы біздің мәдениетіміз бүкіл шет мемлекеттерде болмасын, қандай жерде болмасын сол өз өнерімізді паш етіп жүрміз. Соның арқасында бүгін еңбегіміз бағаланып жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Ел мерейін асқақтатқан мереке күні бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді. Әсіресе, 3 ауылда балалар үшін ойын алаңдары салынды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке баулуға арналған тренинг орталық ашылды. Мерекенің нүктесі 25-і күні орталық алаңда өтетін гала концертпен аяқталады. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Республика күнін Маңғыстау жұртшылығы да зор қуанышпен атап өтіп жатыр. Облыс орталығы мен аудандарда барлығы 40-тан астам мерекелік және игі іс-шаралар жоспарланған. Солардың бірі 25 қазанда Ақтауда шыны талшықты бұйымдар, желім және герметик шығаратын зауыт ашыладыБүгін «Қыран елім - Қазақстан» атты салтанатты жиын өтуде.

Өңір өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.Салтанатты жиында өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар тұрғаларға 2-ші дәрежелі «Айбын», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы» сияқты мемлекеттік наградалар табысталды. Ұлттық мереке өңірдің ауыл аудандарында жоғары деңгейде аталып өтуде.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Аймақта игі істер легі әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Тараз қаласында ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Аудан мен қала кәсіпкерлері өз өнімдерін базар бағасынан 15-20 пайызға арзандатып, шаһар тұрғындарына ұсынды. Енді мұндай жәрмеңке әр аптаның сенбісінде тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, мерекеге орай Тұрар Рысқұлов ауданында «Достық үйі» ашылды.

Бүгінгі күннің қорытындысы Баласағұн концерт залында салтанатты іс-шарамен аяқталды. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар «Парасат», «Құрмет», 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.Жалпы Жамбыл облысында Ұлттық мереке Республика күнінде 19 әлеуметтік нысан ашылып, 200-ден аса түрлі қоғамдық іс-шараларды өткізу жоспарланған.


Хабарламаларға жазылу