Ұлттық мерекеде ел азаматтары ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық мерекеде ел азаматтары ұлықталды

22.10.2022

Қызылордада ұттық мерекеде ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген әр саланың озаттары марапат төрінен көрініп, мемлекеттік наградалар табысталды.

Бұқаралық сипат алған ұлттық мерекеге Сыр өңірі толайым табыспен жетіп отыр. Биыл егін бітік шығып, елдің ырзық-несібесі мол болды. Сондай-ақ өңірде жаңа әлеуметтік нысандар көптеп ашылып, халықтың қуанышы еселенді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, ел мақтаныштарын тілге тиеік етті.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Бүгін Ақордада белгілі кәсіпкер, меценат, жерлесіміз Марат Дүйсенбаев «Парасат» орденімен, мұғалім Жамешов Балтабай «Ерен еңбегі үшін», 7-қабаттан үш жасар баланы құтқарған жерлесіміз Сәбит Шонтақбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты шарада қарапайым еңбек адамынан бастап, атымтай жомарт азаматтар құрметтелді. Облыстың дамуына үлес қосып, қайырымды істерге ұйытқы болып жүрген ел ағаларына мемлекеттік марапаттар табысталды. Соның ішінде қоғам қайраткері Мұрат Үдербаев облыс тарихында алғаш болып І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтталды.

Сапарбек Мыханов, «Парасат» орденінің иегері:
Жылдан жылға ауыл еңбеккерлерінің табысы жоғарылап келе жатыр. 2000 жылдан бері қарай, ауыл шаруашылығы техникалары жаңарып болды. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімдері артып келеді.

Айшықты күні Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған, елге танымал жырау Алмас Алматовқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал Республика күніне арналған шара мерекелік гала-концертпен түйінделді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу