Маңғыстауда 2000 тоннаға жуық мал азығы жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда 2000 тоннаға жуық мал азығы жиналды

21.10.2022

Маңғыстауда биыл төрт-түлік қыстан қысылмай шығады. Қазір өңірдің 40-тан астам елдімекенінде мал азығын орып жатыр. Маңғыстау ауданының өзінде бүгінге дейін 2000 тоннаға жуық шөп жиналып, тұрғындарға жеткізілген. 

Қызан ауылының тұрғыны Ертай Жасақов бірнеше жылдан бері шөп шабады. Қуаңшылықтан соңғы жылдарда жұмыс тоқтап қалған. Ал, биыл кәсіпті қайта қолға алды. Әкімдіктен берілген 3 мың гектар жердің жартысын игеріп, 2 айда 8 мың түк шөп орды.

Ертай Жасақов, шаруа қожалығының иесі:
Былтыр енді шөп шыққан жоқ қой, биыл шығып жатыр. Биылғы шөптің шығуы жақсы. Шөптің биіктігі сол 30 см-дей бар. Соны енді шауып біздің мақсатымыз халыққа тарату. Ауылға таратып жатырмыз.

Сарғат жерінен орылған шөп Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық және Шебір ауылдарына жеткізілуде. Тұрғындар кезекпен алып, қысқа қамданып жатыр. Солардың бірі Қызан ауылының тұрғыны Аяпберген Қуатбаевта мал азығын артығымен алып қойған.

Аяпберген Қуатбаев, Қызан ауылының тұрғыны:
Қуаңшылықта қиыншылықты көрдік. Шөптің жәйі болған жоқ. Жерде шөп болған жоқ. Қолға қараттық малдың бәрін. Шөп алатын адамның бірі менің өзім. Шөп аламын деген адамға қарсылық қылып жатқан жоқ жігіттер, әкеліп төгіп беріп жатыр. Қол жетімді баға 700 теңгеден шөпті әкеліп сатып жатыр.

Маңғыстау ауданы бойынша 25 кәсіпкер 68 мың гектар аумақта шөп шауып жатыр. Нәтижесінде 4 мың тоннадай мал азығын дайындап алмақ. Ал әзірге 2 мың тоннаға жуық шөп жиналған. Кәсіпкерлер 1 түк шөптің бағасын 700 теңгеден асырмауға келіскен.

Орынғали Күзембаев, Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Былтырғыдай емес енді жем-шөпке деген сұраныс биыл төмендеу, бәсеңдеу. Ауылда Шетпенің басында қоймаларымыз бар. 60 тоннадай шөп бар қазір қоймада. Бұл енді былтырғыдан қалған шөп. Биылға өзіміздің белгіленген операторларымыз бар солар биылға енді бастайды шөптерін әкеліп. 

Биыл облыс бойынша шөп тапшы болмауы тиіс дейді, мамандар. Өйткені, қазірдің өзінде әр аудан қоймаларын толтырып, қыстың қамына кіріскен. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу