Өзбекстанда Қазақстан тауарлары сұранысқа ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда Қазақстан тауарлары сұранысқа ие

21.10.2022

Көрші Өзбек елінде Қазақстанда өндірілген тауарларға деген сұраныс жоғары. Әсіресе трансформаторлар мен аккумуляторлар және құрылыс материалдары мен тоқыма бұйымдарына. «Kazakh Export» компаниясының мәліметінше өзбек кәсіпкерлері қазақстандық тауар өндірушілермен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. 

Былтыр қос ел арасындағы сауда-саттық 4 млрд долларды құраған. Мемлекет басшылары таяу жылдары бұл санды 10 миллиардқа жеткізу міндетін қойды. Осы орайда «KazakhExport» компаниясы алыс-берістің көбеюіне ықпал жасап отыр. Биылғы 9 айдың өзінде Өзбекстанға экспорттайтын қазақстандық өндірушілерге 65 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген.

Әлішер Хакимов, Өзбекстан Республикасындағы «KAZAKHEXPORT» ЭСК» АҚ шетелдік өкілі:
«KazakhExport» кеңсесі Ташкентте 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Өзбекстанға экспорттайтын қазақстандық өндірушілерді қолдаудың жалпы көлемі 255 миллиард теңгеден асты. Өзбекстанның қаржы ұйымдарымен жасалған келісімдердің арқасында қазақстандық кәсіпкерлер тауарды еш алаңсыз өткізе алады.

«KazakhExport»-пен келісім жасаған ұйымдардың бірі «Капитал банк». Ол өзбек жеріндегі алғашқы коммерциялық банктердің бірі. Компаниялар сауданы қаржыландыру бағытында әріптестік орнатқан.

Шахзодбек Усманов, «Капитал банк» АКБ сауда қаржыландыру басқармасының басшысы:
«KazakhExport»-пен әріптестіктің арқасында жарғылық капитализмға қысым жасамай тұтынушыларымызға несие беруге мүмкіндік бар. Біздің клиенттер үшін бұл тиімді пайыздық мөлшерлерме және Қазақстанның сенімді компанияларымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Махмуд Юлдашев, «RIGHT TO WIN» ЖШС бас директоры:
Біз «KazakhExport»-пен 5 жылдан бері жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда 7 миллион доллардан астам қаржы алдық. Бұл біз үшін тиімді, өйткені олар бізге тек тұрақты серіктестерді ұсынады және тауарды уақтылы жөнелтуге кепілдік береді.

Бүгінде өзбек тарапы біздің елден шыққан сүт, ет, май және кондитерлік өнімдерге үлкен қызығушылық танытып отыр. Ал «KazakhExport» компаниясы сақтандыру бағытындағы қолдау жұмыстарын әлі де жетілдіре түсіп, шикізаттық емес тауар түрлерінің экспортын көбейтуді жоспарлап отыр.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу