Ұлыбританияда ковидтен қайтыс болғандар саны 40 пайызға көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда ковидтен қайтыс болғандар саны 40 пайызға көбейді

21.10.2022

Ұлыбританияда індет қайта өршіді. Біріккен Корольдіктің құрамындағы Англия және Уэльс елдерінде соңғы уақытта ковидтен қайтыс болғандар саны артып отыр. Елге коронавирустың жаңа толқыны келуі мүмкін деген қауіп бар. 

Ұлттық статистика басқармасының соңғы деректеріне сәйкес, соңғы уақытта ковидтен 400-ге жуық кісі өлімі тіркелген. Яғни алдыңғы апталармен салыстырғанда 40 пайызға көп. Бұл инфекциялардың қазіргі толқыны өлім-жітімнің көбеюіне әкелуі мүмкін дегенді білдіреді дейді мамандар.

Деректерге жүгінсек, Ұлыбритания бойынша вирус жұқтырғандардың саны үш есеге артып, 1,7 миллион адамға жеткен.

Денсаулық сақтау мамандары ковидке қыстағы тұмау ауруы қосылып, ауруханаларда орын болмай қалуы мүмкін деп дабыл қағуда.

Аманда Притчард, Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметінің атқарушы директоры:

Ковидке байланысты қарбаласқа толы жаз мезгілінен кейін грипп ауруы өршитін уақыт келе жатыр. Бұған денсаулық сақтау қызметінде мамандардың жетіспеушілігін қосыңыз. Сондықтан қиын кезеңдерге дайын болуымыз керек.

Ауруханаларға салмақ түспеу үшін шұғыл әрекет ететін арнайы топтар жасақталып жатыр. Олар жедел жәрдеммен жетіп, үйде ғана көмек көрсетеді. Қарттар үйлерінде де медицина қызметкерлері үшін мамандандырылған арнайы орталықтар ұйымдастырылмақ. Бұл жобаларға үкімет 500 млн стерлинг фунтын бөледі. Оған қоса науқастар қосымша 100 мың төсек орынмен қамтамасыз етілмек. дәрігердің бақылауындағы науқастарға 2500 виртуалды палаталар ашылады.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу