Инвестициялық форум: Құны 1 млрд доллар болатын 25 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвестициялық форум: Құны 1 млрд доллар болатын 25 құжатқа қол қойылды

19.10.2022

Ақтауда Құрық порты кеңейеді. Инвесторлар онда терминал салуға ниетті. Осылайша теңіз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі артады. Ал Ақтөбеде онкологиялық ауруларды емдеуге арналған ядролық медицина орталығы ашылады. Бүгін елордада өткен инвестициялық форум аясында құны 1 млрд доллар болатын 25 құжатқа қол қойылды. 

25 жобаның 5-еуі Ақтөбе өңіріне тиесілі. Тараптар құны 430 млрд теңге болатын меморандумға қол қойды. Аймақта әуелі транс-логистикалық хаб салынбақ. Одан бөлек, онкологиялық ауруларды ерекше әдіспен емдейтін ядролық орталық бой көтереді. Құбыр тазалайтын қондырғылардың құрылысы және металл мен битум өндіретін зауыт салынады.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
Битум енді Президенттің жолдауында да болды. Қазақстан бойынша үлкен мәселенің бірі. Сондықтан сондай зауытты Ақтөбе облысында салуға ірі келісімге келдік. Ол тек қана Ақтөбені ғана емес, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосатынына еш күмән жоқ.

Елордада өткен инвестициялық форумға бас-аяғы 300-ден астам компания өкілдері келді. Дені Үндістан, Қытай, Франция, Италия, Ақш кәсіпкерлері. Қатарында түркиялық инвесторлар да бар. Бауырлас елдегі 80 жылдық тарихы бар «АТАBAY» компаниясының өкілдері Алматыда фармацевтика зауытын салуға ниетті.

Сенгиз Озлутирас, «АТАBAY» фармацевтика компаниясының өкілі:
Алматыда зауыт ашуды ойлаймыз. Сол себепті Астанаға келдік, меморандум жасап, қол қойдық. Екі жыл ішінде зауыт болады деп ойлаймыз. Жобамыз да басталды.

Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанда литий кен орнын игеруге бағытталған үлкен жоба бар. Алматыдағы автобөлшек өңдейтін жаңа зауыт салынбақ. Осылайша әлемнің алпауыт компаниялары Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр.

Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Ақтауда құрық портына да терминал салуға ынталы. Себебі Ресей арқылы өтетін жүк тасымалдау қиындап жатқанына байланысты Каспий арқылы Әзербайжанға, Грузия арқылы Қара теңізге шығатын бағытқа ақша салмақшы.

Соңғы 5 жылда елге тартылған инвестиция көлемі 24 млрд доллар шамасында. Әйтсе де, пандемия елдегі инвестициялық климатты әлсіреткені рас. 2019 жылы 17 млрдқа төмендеді. Дегенмен, былтырдан бері көрсеткіш қайта өсті. Биыл жарты жылдың өзінде 28 пайызға артып, 14,7 млрд долларға жетті.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу