Алматы облысының орталығында академиялық қалашық құрылып, Қонаев ғылым мен білімнің орталығына айналуы тиіс. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Әрі облыс орталығының тозығы жеткен инфрақұрылымын қалпына келтіріп, мектептен бастап тұрғын үйге дейін салуды жүктеді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Қонаев. Қалаға қазақтың біртуар азаматы Димаш Ахметұлының есімі беріліп, облыс орталығы болғалы жарты жылға жуықтады. Қазір қала да, өңір де қарқынды дамудың жолына түсті. Оған серпін беріп, бір кездері Қапшағай деп аталған елдімекенді нағыз облыс орталығына айналдыру үшін Президент алты бағытты айқындап берді.
Қазір Қонаев облыс орталығы болғанымен, сол функциясын толыққанды атқара алмай тұр. Аймақ жұрты емделуге, жастары білім алуға онсыз да адамы көп Алматыға ағылады. Өйткені өңірде оқу орындары жоқ. Сондықтан мемлекет басшысы Қонаевта академиялық қалашық салып, түрлі университеттердің филиалын ашуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ, жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет.
Өңірде апатты мектеп мәселесі шешілер емес. Үш ауысыммен оқитын ұл-қыздар көп деді, Президент. Сондықтан үш жылда 36 мектеппен қатар заман талабына сай 38 аурухана бой көтереді. Әрі Қонаев орталыққа сай болуы үшін, әкімшілік ғимараттар қажет. Оның үстіне тұрғын үйлер жетіспейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеніне қарамастан, пәтер мәселесі аймақтың ең өзекті проблемасы болып отыр. Облыстың саяжай алаптарын 180 мыңнан аса адам тұрақты мекендейді. Бұған қоса, аймақта ескі, апатты жағдайдағы үйлер өте көп, коммуникация желісінің тозығы жеткен. Сондықтан Үкіметке тұрғын үй құрылысы мен апатты жағдайдағы үйлерді күрделі жөндеу үшін бөлінетін қаржыны ұлғайтуды тапсырамын.
Алматының экономикалық әлеуеті зор. Мұнда өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90%. Азық-түліктен бастап құрылыс метариалдарының 70 түрі өндіріледі. Биыл тағы 400 миллиард тартылып, ауыл шаруашылығы саласында жобалар іске асып жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Инвестицияны арттыру керек деді, Тоқаев. Ол үшін облыста тағы бір экономикалық аймақ пайда болмақ. Бірақ өндіріс орындарын ашу қосымша қуатты қажет етеді. Ал қазір бізде электр тапшылығы байқалады. Осы ретте Президент атом станциясын салуға тағы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде энергия тұтыну көрсеткіші ұдайы өсіп келе жатқан жағдайда оны тұрақты өндіру үшін бізге атом электр станциясын салуға тура келеді. Мамандар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылын АЭС құрылысына ең оңтайлы орын деп есептейді. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобиялардың жетегіне ермеуіміз керек. Себебі еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар.
Алматы аграрлы аймақ. Бір ғана алмасының өзін ұлттық брендке айналдыруға болады деді, Президент. Бірақ су тапшылығы саланы дамытуға кедергі. Оның үстіне үлкен Алматы каналы әбден тозған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Су тапшылығынан 80 мың гектар суармалы жер игерілмей бос жатыр. Биыл Алматы облысының суару жүйесін ретке келтіру үшін республика бюджетінен 5,7 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Үкімет бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қаржыны көбейту мәселесін қарастыруы керек.
Туризмді түлету тағы бір міндет. Былтыр өңірдегі Іле Алатау, Шарын, Көлсай секілді жерлерге 1,5 млн турист келген. Инфрақұрылымды дамытып, оның санын тағы арттыру жүктелді. Бірақ ұлттық парктер мен саябақтарды жекешелендіруге жол беруге болмайды.
Аслан Ораз, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
Туризм саласы біздің экономикалық тұрақты дамуға ықпал ететін саланың бірі болып есептеліп отыр. Туризм саласын біз Кеген, Райымбек аудандарында дамыту мүмкіндігіміз бар. Ол жерде сол саладағы жалпы жұмысшылардың санын өсіру және сол саладан түсетін табысты ұлғайтуды есептеп отырмыз.
Туризмді дамыту үшін жолдардың тақтайдай болғаны маңызды. Сондықтан президент сағызша созылған Алматы-Астана тас жолының құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды. Тағы бір жаңалық, Қонаев-Алматы арасындағы электр пойызы қайта қатынайтын болды. Жиында геосаяси ахуалдың салдарына да тоқталған Президент қымбатшылықпен күресіп, алып-сатарлармен күресті күшейтуді де тапсырды. Әрі инфляцияны ауыздықтау ісін қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті. Ал Қонаевты экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қалаға айналдыру міндеті тұр. Ол үшін жаңа бас жоспар әзірленбек.
Досжан Маратұлы