Алматыдан құнды жәдігер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдан құнды жәдігер табылды

17.10.2022

Алматыдан құнды жәдігер табылды. Археологтар біздің заманымызға дейінгі V-ІІ ғасырға тиесілі сақ жауынгерінің сүйегін тапты. Қорған ерте темір дәуіріне жатады. Әрі тоналмай, қаз қалпында сақталған дейді тарихшылар.

Апаттық деп танылған қорғанды қазу жұмыстары екі-үш ай бұрын басталған. Қабірді ашу кезінде 50 жас шамасындағы ер адамның сүйегі табылды.

Ләззат Сағындықова, Мұражайлар бірлестігінің директоры:

Қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жұмыстар әлі жалғасатын болады. Біріншіден, консервация жұмыстары жүргізілетін болады. Өйткені көріп тұрсыздар. Үгітілейін деп тұр. Кейбір заттарды сыртқа алып шығуға мүмкіндік болмады. Өйткені оны құртып алу қаупі бар.

Жауынгердің сүйегі үш метрлік тереңдікте ағаш қорапта сақталған. Бас сүйегі сынған. Археологтар мұны басынан жараланған болуы мүмкін деген жорамал жасап отыр. Қасынан алтынмен безендірілген қылыштың сынықтары мен аң бейнесіндегі бірнеше бұйым табылды.

Марат Нұрпейсіов, Мұражайлар бірлестігінің аға ғылыми қызметкері:

Металлическая фурнитура. Алтыннан бөлек, металл бұйымдар шықты. Алдын-ала болжам бойынша бұл киімге арналған күміс қорытпалар болуы мүмкін. Алда әлі сараптама жұмыстары бар. Басқа да табылған заттай айғақтар жан-жақты зерттеледі.

Алматы қаласының тарихы тереңде екеніне қазба жұмыстары кезінде табылған заттар дәлел бола алады дейді археологтар. Қазір шаһар аумағында мемлекет қорғауындағы 161 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Қорғаннан табылған заттар зерттеліп болған соң, қала тарихы музейіне қойылады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу