Алдымен Түркиядағы апатқа тоқталсақ. Бартын провинциясындағы көмір шахтасындағы алапат жарылыстан 41 кенші көз жұмып, 11 шахтер жараланғаны белгілі болды. Жұма күні Ыстамбұлдан шамамен 500 шақырым жердегі Амасра кен орнында 300 метр тереңдікте метан газы жарылған. Оның соңы өртке ұласты. Апат болған кезде шахтада 110 кенші жұмыс істеп жатқан. Құтқару жұмыстары түні бойы жүрді. Мамандар кеншілерді іздеуге қатты өрт кедергі болғанын айтады. Жергілікті уақытпен таңғы жеті жарымда өрт сөндіру және құтқару жұмыстары толық аяқталды. 58 кенші жер бетіне аман есен шығарылды. Қазір 9 кенші ауруханада жатыр. Екі адам ем-дом жасалған соң үйлеріне жіберілген. Жарақат алған 6 кеншінің жағдайы ауыр. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сапардың бәрін кейінге шегеріп, апат болған аймаққа барды. Бұған дейін Түркия тарихында шахтадағы ең үлкен апат Маниса аймағындағы Сома көмір кенішінде 2014 жылы болған еді. Ол кезде 301 шахтер қайтыс болған.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Амасра кеніші біздің ең заманауи техникамен жабдықталған шахталарымыздың бірі еді. Алайда амал қанша осындай апат болды. Тағдырдың ісіне шара жоқ. Біз технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, мұндай апаттардың алдағы уақытта болмауы үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Мемлекет тарапынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жан-жақты қаржылай көмек көрсетеміз. Жарылыстың себебін, және кінәлілер болса оларды анықтау үшін тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Альбина әшім, Айдос Әшім