Президент: Ашық диалог құрып, тұрақтылыққа қол жеткізу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Ашық диалог құрып, тұрақтылыққа қол жеткізу керек

13.10.2022

Геосаяси шиеленіс пен дағдарыс кезеңінде халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу қажет. Президент Қасым-жомарт Тоқаев Азия кеңесінің алтыншы саммитінде қазіргідей алмағайып уақытта ашық диалог құрудың маңызына тоқталды. Азия кеңесі - көпжақты ынтымақтастық платформаға және халықаралық заманауи дипломатия институтына айналды. Кеңес бұдан былай да Азия құрлығында жұмыс істейтін басқа да табысты ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы прогреске, экономикалық өркендеуге және диалогқа ықпал етеді, деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанын ерекше атап өтті. Кеңестің мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі артып келе жатқан рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара байланысын жаңа деңгейге шығарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. Кеңестің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу