Түркия президентін Ақорда жоғары деңгейде күтіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия президентін Ақорда жоғары деңгейде күтіп алды

12.10.2022

Түс ауа Астанаға Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның борты қонды. Мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманды Ақорда жоғары деңгейде күтіп алды. Салтанатты рәсімнен кейін Президенттер әуелі екеуара әңгімелесті. Түркия президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажеттігін айтты. Сондықтан, стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді. Жалпы қос ел саяси тұрғыда да стратегиялық серіктес, экономикалық әріптес. Сонымен қатар Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр Анадолы инвесторлары Қазақстанға 680 млн доллар инвестиция құйған. Жалпы біздің елде 4 мыңдай түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің бүгінгі мемлекеттік сапарыңыз екі елдің ынтымақтастығына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Біз Түркиямен тең дәрежедегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Бұл менің ерекше назарымда. Кездесуіміздің күн тәртібіндегі бірқатар мәселелері бойынша пікір алмасып, уағдаластыққа қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының президенті:
Сіздің көшбасшылығыңызбен жүргізілген реформалар қазақ халқының тыныштығын сақтап, әл-ауқатын жақсартатынына сенімім мол. 20 қараша күні болатын Президент сайлауы әділ әрі жаңа Қазақстан үшін қайырлы болуын және сізге сол сайлауда сәттілік тілеймін. Түркияға мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.

Осыдан кейін Президенттер екі елдің Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын өткізді. Жиында қос елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру мәселесі талқыланды. Президенттер қазіргі геосаяси ахуалды ескере отырып Транскаспий дәлізін дамыту керек деген ортақ пайымын жеткізді. Бұл тасымал шығынын азайтып, тауарды жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар екі жақты сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізу межесін қойды. Келіссөздерден кейін екі мемлекет арасындағы 6 келісімге қол қойылды.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу