Қызылордалық кәсіпкерлер туған жерін көркейтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық кәсіпкерлер туған жерін көркейтуде

11.10.2022

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында бизнес өкілдері туған жерін көркейтуге айрықша үлес қосуда. Биыл балалар жылына орай аудан орталығында құны 800 миллион теңге болатын демалыс паркі салынып жатыр. Оған мемлекеттен бір тиын бөлінбеген. Жергілікті кәсіпкер өз қаржысы есебінен ауқымды жобаны жүзеге асыруда.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жаңа демалыс паркінде қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Мұнда 10-нан аса атракцион салынбақ. Соның ішінде ең үлкені шолу дөңгелегі. Диаметрі 40 метрді құрайды. Ал ең жоғары нүктесінен Жаңақорған алақандағыдай көрінеді.

Жобаға аудандағы серіктестік өз қаржысын құйған. Жалпы бұл еліміз бойынша ауылдық елді мекендердегі ең алғашқы заманауи парк болмақ. Екі гектар аумақта ойын-сауықтан бөлек түрлі спорттық алаңдар да салынады. Аудан тұрғындары асыға күтіп жүрген демалыс орны «Республика күніне» орай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Самат Төрехан, ЖШС өкілі:

Жоба бойынша бұл жерге 800 миллиондай жеке қаражат құйылады. Қазір 500 миллион осында құйылды. Алдағы уақытта бұдан үлкенді ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Қосымша тағы да атракциондар кішкентай балдарға қойылатын болады.

Сондай-ақ, бизнес өкілдерінің қолдауымен ауданның кіреберіс қақпалары жаңғырды. Әсіресе, көркейту, безендіру жұмыстарына айрықша атсалысуда. Соның ішінде, сәулеті ерекше құм сағат кентке ерекше көрік беріп тұр. Жалпы аудан орталығында жылдан жылға кәсіпкерлер көмегімен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне берілді.

Алмагүл Намирова, Жаңақорған кенті әкімінің орынбасары:

Жеке кәсіпкер өзінің туған жері үшін, елі үшін осындай тірліктер жасап жатыр. Кентіміз қазір жылдан жылға көркейіп, жарқырап келе жатыр. Бірнеше аркалар жасалды. Көгалдандыру, аббаттандыру жұмыстары өте жоғары деңгейде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, оларды тек пайда тауып қана қоймай, қарапайым елге қол ұшын беруге шақырған болатын.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу