Жетісу облысында жүгері ору науқаны қарқынды жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жүгері ору науқаны қарқынды жүріп жатыр

10.10.2022

Жетісу облысында жүгері ору науқаны қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе Жаркент өңірінде диқандар гектарынан 60 центнерден астам өнім алып, қамбасын астыққа толтыруда. Биыл «дала аруының» бағасы да өсіп, жүгері сатып алушылар еңбектің қадірін бағалай бастады, дейді шаруалар. 

Әділжан шаруа қожалығы 150 гектар алқапқа жүгерінің «Пионер» тұқымын сеуіп, өсірді. Биыл ауа райы да қолайлы болып, диқандар гектарынан 80-100 центнерге дейін өнім алып жатыр. Дала аруын шашау шығармай жинауға жаңа техника да септігін тигізуде.

Шаруашылық өз жерін игеріп болған соң аудандағы басқа да көрші шаруалардың да жүгерісін шауып беруге көмектеседі. Бұл өнімді қар түспей жинап, қолайлы бағамен өткізуге мүмкіндік береді. Биыл баға да едәуір өскен.

Юлдаш Биширов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Биыл 120 теңге болды. 6 теңге субсидиясы бар. Документпен өткізсеңіз 6 теңге субсидия береді. Уақытында алып жатыр. Күн ыстық кезінде елді қинамай.

Жалпы Панфилов ауданы бойынша 27 мың гектарға жуық алқапқа жүгері өсірілді. Науқанның жылдағыдан ерте басталып, ерте аяқталатын түрі бар дейді мамандар. Себебі ауа райы қолайлы болып, мемлекет тарапын берілетін қолдау да дер кезінде көрсетілген.

Жұмағазы Наймантаев, Панфилов аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Арзандатылған жанармай бөлінді, көктемгі егіске, күзгі жинау науқанға, шөп мал азығын дайындау науқанға. Оның сыртында тұқымды субсидиялады. Минералды тыңайтқыш басында қымбат болған. Оны арзандатып түсіріп берді.

Аудан диқандары қазірдің өзінде 19 мың гектар жүгеріні жинап үлгерді. Дала төсіндегі еңбекккерлер енді бір аптада биылғы орақ науқанын да ойдағыдай аяқтаймыз, дейді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу