Алматы облысы Ават ауылының тұрғындары қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Ават ауылының тұрғындары қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр

08.10.2022

Алматы облысы Ават ауылының тұрғындары жақын маңдағы қоқыс үйінділерінің иісінен әбден мезі болдық деп шағымданды. Бұған 5 жылдан бері төзіп келеміз деген көпшілік қалдыққа толы полигонның көзін жоюды талап етіп отыр. Олар терең қазылған шұңқырға балаларымыз құлап кете ме деп те алаңдайды.

Алматы облысындағы Ават ауылында 6 мың адам тұрады. Елді мекеннің іргесіндегі қоқыс полигонының салдарынан ауамыз ластанып, ауламыз қоқысқа толды деген ауыл тұрғындары экологиялық апатты жағдайда өмір сүріп жатқандарын айтады.

Мұрат Мәсімов, ауыл тұрғыны:

Күніне жүз, жүз елуге дейін машина мусор кіреді. Оны кей кезде жағып жібереді. Ауылдың ішінде бәріміз демала алмай тұншығамыз. Оның үстіне ауру көбейіп жатыр.

Фидахмет Мамиров, ауыл тұрғыны:

Оның зияны бізге тиеді ғой. Балаларға тиіп жатыр, өзімізге тиіп жатыр. Біз бұл жерде ауыл болғаннан кейін көкөніс егеміз, мал жаямыз, малдың сүтін ішеміз. Бәрі айналып келіп адамзатқа зиян болып жатыр.

Негізі полигонды жабу туралы шешім 2018 жылы шыққан. Алайда, түсірілім барысында байқағанымыздай, қаладан қоқыс қалдықтарын, құрылыс материалдарын әкелетін жүк машиналары сағат сайын келіп жатты.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Ауыл халқын алаңдатып отырған тағы бір жағдай – елді мекеннің маңында орналасқан екі жүз метр тереңдігі бар мынадай карьерлер. Мәселен, артымыздағы білім ордасы осы ошақтан 50 метр жерде орналасқан. Сол себепті тұрғындар балаларымыздың өмірі үшін қатты алаңдаймыз дейді.

Карьерлер тереңдеген сайын жанын шүберекке түйген тұрғындар талай мәрте құлап түскендер де болды деп ашулы. Бес жылдан бері базынасын айтқан аваттықтар ауыл әкімдігінің табалдырығын талай мәрте тоздырған. Алайда жергілікті әкімдік қоқыс полигоны Талғар ауданына қарайтынын айтып ақталып отыр.

Нұрболат Серғалиев, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

Карьерлер рұқсат құжаттарын алуы үшін Экологиялық департамент, Санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасынан - сол құзіретті органдардың бәрінен қорытындыларын алып, содан кейін барып құжаттарына сәйкес жұмыс жүргізіп тұр. Қоқыс полигоны бұл да үлкен мәселе болып тұр. Облыс әкімдігіне де, көршілес ауданға да кемшілікті жою бойынша арнайы хаттар жолданған.

Алайда, тұрғындардың Экологиялық департамент қорытындысына сенгісі жоқ.

Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында тіркелген 60-қа жуық карьердің заң бұзушылықтарға байланысты 22-сінің жұмысы тоқтаған. Шарасыздықтан шаршаған ауыл халқы талабымызды орындатпай қоймаймыз деп бекініп отыр.

 Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу