Президент жолдауы: Жаңа индустриалды аймақта 12 зауыт жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жолдауы: Жаңа индустриалды аймақта 12 зауыт жұмыс істеп тұр

07.10.2022

Жаңа кәсіпорындар өңір экономикасына жаңа серпін беруі тиіс. Президент өз жолдауында осы мәселеге басымдық бергені белгілі. Ақтөбеде 7 жыл бұрын ашылған индустриялды аймақта қазір 12 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асты. 650-ден аса жұмыс орны құрылды. Қазір аумақтан жер алып, кәсіп бастаймын деген инвесторлар да жетерлік.

Бұл индустриялық аймақта ашылған қыш тақтайшаларын шығаратын зауыт. Құны 9 миллиард теңге болатын жоба бір жыл бұрын ашылды. Құрылғылар Италиядан әкелінген. Қажетті шикізаттың жартысына жуығы Ақтөбе облысы аумағынан және Қостанайдан келеді. Қалғаны Ресейден тасымалданып жатыр.

Алмас Насыров, өндіріс басшысы:
Керамогранит тақтайшасы қазіргі сұраныста өте көп. Бізде шығып жатқандардың өлшемі 60-та 60, 120-да 60, 45-те 90, 80-де 80 шығарамыз. Лазурованный дейді, бетінде дизайны бар. Сыр шашылған керомагранитті лазурованный дейді.

Зауытта қыш тақтайшаның 20-дан аса түрі шығады. Өлшемдері де әртүрлі. Сапасы мен әдемілігі жағынан шеттен келетін өнімдерден кем емес.

Қазір индустриялық аймақта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, шиналарды өңдеу және қалпына келтірумен айналысатын оннан аса кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соңғы төрт жылда өндірілген өнім көлемі 4 миллиард теңгені құраған.

Абай Төлебаев, «Ақтөбе» индустриалды аймағын басқару компаниясы» ЖШС директоры:
Германия, Ресей, Беларусь елдерімен бірге қосылған кәсіпорындар бар. Инфрақұрылым жергілікті бюджет есебінен тартылған. Оған 5 миллиард ақша жұмсалды. Қазіргі таңда ол 5 млрд толықтай инвесторлардан құйылған ақшамен 7,8 теңгесімен бірге қайтарылды.

Индустриялық аймақ 200 гектар жерге орналасқан. Келешекте көлемі тағы артуы мүмкін. Себебі, жуық арада оннан аса кәсіпорын орналасуы тиіс. 16 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 707 жұмыс орны құрылады. Дегенмен, өңір басшылығы инвестиция көлемін одан әрі арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуды тапсырып отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу