Түркістан облысындағы Ынтымақ ауылында жарық пен су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Ынтымақ ауылында жарық пен су жоқ

06.10.2022

Тұрақты дамудан дәмелі боп отырғанымызда, ауыз су мен көгілдір отынның тапшылығы «мен мұндалап» тұрады. Түркістан облысы, Жетісай ауданы жел тұрса, қараңғылық құшағында қалады. Электр жарығы да мардымсыз. Амалы таусылған ауыл тұрғындары қуат көзін өз күштерімен қосып алуға дағдыланып алған.

Жетісай қаласының іргесінде орналасқан Ынтымақ ауылының тұрғындары ауыз су мен электр жарығын күтіп шаршағандарын айтады. Себебі елдімекеннің бір бөлігіне ауызсу жүйесі мүлдем тартылмаған. Сондықтан тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. Ал, кейбірінде электр желісі жоқ. Сондықтан мұндағы жұрт қауіпті елемей, жарықты өз беттерінше қосып алған.

Жорабай Сериев, ауыл тұрғыны:
Столбаны қолдан қадап алғанбыз осылай. Әркім өзі шамасы келгенше қадап алады ағаштан. Ана тал құласа, сынады да, үзіледі.
Жанбосын Мамытұлы, ауыл тұрғыны:
Әлі ақша бөлінбей жатыр дейді. Биыл болады, келер жылы свет болады деп құр халықты алдап жатыр да.

Жарық онсыз да әлсіз болғандықтан кешке тіпті сығырайып қалады дейді көпшілік. Балалардың сабақ оқуы да қиындап кеткен. Тұрмыстық техниканы да дұрыс қолдана алмайды. Жұрт қоныстанғалы он жыл асса да, жергілікті билік мәселені түбегейлі шеше алмай келеді.

Нұрлыбек Бахтияров, Ынтымақ ауылының әкімі:
Бұрындары Ынтымақта жаңағы 17 көше болған болса, оған қосымша қазір жаңадан сегіз көше ашылған. Енді сол жердегі кемістік электр бағаналары жоқ. Сол бағаналарды жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама бітіп, экспертизадан шыққаннан кейін қаржы сұрайтын боламыз.

Жаңа ауылдық округі бойынша төрт елдімекенге су құбырын тартуға биыл 400 млн теңге бөлініпті. Келер жылдың соңына таман ауыз су беріле бастайды дейді мамандар.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Осы айдың 23-інен бастап құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Қазіргі таңда материалдарын әкелу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін Абай топтасқан су жүйесіне қосу жоспарымызда бар.

Жылдар бойы су мен жарыққа жарымаған тұрғындар көгілдір отынды да ұзақ күтетін сыңайлы. Себебі, газ тарату санциясының құрылысы тек келер жылдың соңында аяқталмақ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу