«AMANAT» партиясы президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Бүгін елордада саяси ұйымның кезектен тыс XXIV съезі өтіп, оған еліміздің әр өңірінен 1200 делегат қатысты. Партия мүшелері бірауыздан қазіргі Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдады. Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов бүгінгі реформалардың басты мақсаты әділеттілік, теңдік, бірлік принциптерін орнықтыру екенін айтты. Ол кейінгі жылдар біздің еліміз үшін де оңай болмағанын еске салды. Дегенмен, еліміз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр, деді. Сонымен қатар референдум мен конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды, деп мәлімдеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін партия саяси және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, коалиция құрмақ.
Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, әлемдегі алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат – мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан, президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын.
Қазір қоғам Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын қолдап отыр, дейді съезге жиналғандар. Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен ұтымды шешімдері кемел келешекті меңзейді. Халық мүддесін қорғайды. Мәселен, жаңа Абай, Ұлытау, Жетісу облысын құру, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу, әйелдердің зейнетке шығуын 61 жас деңгейінде бекіту сынды нақты шешімдер қоғамның Президентке деген сенімін еселеп отыр. Қандай қиыншылық пен кедергілер болса да Мемлекет басшысы өз халқымен бірге болды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру, сонымен бірге жұмыссыз, білімсіз жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға байланысты үлкен трансформацияларды өткерді. «AMANAT» партиясы өзінің трансформациясын жалпы Қазақстан халқының болашағымен байланыстырады.
Шерхан Жамбылұлы