Қарағанды облысынан кейін Мемлекет басшысы Павлодар облысына барды. Өндірісті өлкені көркейтуге қатысты бес бағытты айқындап берді. Олар қандай?
Павлодар өндірісі өркендеген өңір. Экономикамыздың энергетикалық жүрегі. Елімізде электр қуатының 40 проценті осында өндіріледі. Көмірдің де жартысынан астамы Керекуге тиесілі. Ертіс бойына ат басын бұрып, жергілікті жұртпен кездескен президент тоқ өндіруді тоқтатпай арттыра беру керек деді. Өйткені қосымша күш жоғары технологиялы жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуропалық Одақ халықаралық аренадағы геосаяси өзгерістерге байланысты көмірді қолдану концепциясына қайта орала бастады. Қазір біз көмірді пайдаланудан бас тартпаймыз. Бірақ электр станциясынан бөлінетін көмір массасын азайтуға мүмкіндік беретін озық технологиялар бар. Соны қолдану керек. Жалпы, Қазақстанға қосымша электр энергиясы қажет. Бұл – факт. Оған қоса, шарықтау кезінде бізде энергетика тапшылығы сезіледі. Бұған жол беруге болмайды.
Қазір облыста 1200-ден астам кәсіпорын бар. Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бет бұрып, өндірген дүниелерін әлемнің 40-тан астам еліне экспорттайды. Соның бірі Павлодар аллюминий зауыты. Президент барған кәсіпорында 7 мыңнан астам адам еңбек етеді, аллюминий тотығын өндіреді.
Жылына өндірілетін миллион тоннадан астам алюминий тотығының жартысы шетелдерге қалғаны жергілікті зауыттарға жөнелтіліп, аллюминий жасалады. Өндірістің артқаны жақсы-ақ. Бірақ қоршаған ортаны ластап жатыр. Қазір ауаға таралатын қалдықтардың ел бойынша үштен бірі осы облыстан шығыды. Жылына 700 мың тонна.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұстанымын жариялады. Қазір осы маңызды міндетті шешуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді стратегия әзірленіп жатыр. Қоршаған ортаға келтірілетін залалды едәуір төмендететін жаңа тәсілдер мен модельдерді өндіріске дәйекті түрде енгізу маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны озық технологияларды пайдалану үшін кешенді экологиялық рұқсат алды. Бұл шығарылатын қалдықтарды 2030 жылға қарай 47 мың тоннаға төмендетеді деп болжанып отыр.
Аймақ экологиясын жақсартудың тағы бір жолы газдандыру деді Президент. Сондықтан Үкіметке Керекуді көгілдір отынмен қамтуды тапсырды. Оның үстіне газды қойып, кей ауылдар ауыз суға жарымай отыр. Сондықтан бұл мәселе де шұғыл шешімін табуы керек деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту көрсеткіші 55-тен 94 пайызға дейін өсті. Биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын.
Шикізат өндіретін аграрлы елден жоғары технологиялы мемлекетке айналуымыз керек. Ол үшін шағын және орта бизнесті дамытып, тауар өндіремін дегендерді қолдау қажет деді Президент. Оның үстіне аймақтың көлік транзиттік әлеуеті зор. Бірақ ертістен өтетін ескі көпір саланы дамытуға кедергі. Әрі қыс түссе 700 шақырым жолды үнемі қар басады. Сол үшін Астана-Ерейментау-Шідерті тас жолын күтіп ұстап, жол жиегіне қар бөгейтін қалқа орнату тапсырылды. Әуе қатынасын да дамыту керек. Өзгені айтпағанда қазір облыс орталығынан Астанаға ұшатын ұшақ жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн.
Әуежайдың ғана емес облыс орталығының инфрақұрылымын да жаңғырту міндеті қойылды. Қазір қалада арық жүйесі дұрыс емес. Жауын жауса қала көшелері көл болады. Жылу желісінің де 80 пайызы тозған. Екібастұздағы жылу электр орталығының да жағдайы сын көтермейді. Соның кесірінен тұрғындар қыстың көзі қырауда қайта-қайта жылусыз қалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Павлодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек. Үкіметке акционерлермен бірлесіп, бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Бұдан бөлек, өңірде креативті индустрия мен туризмді арттыру тапсырылды. Әрі облыста көпфункциялы мұз сарайы салынбақ. Өңірдің өркендеуі жолында талмай еңбек еткендер де ескерусіз қалмады. Екі адам алғыс хат пен төртеуі мемлекеттік награда алды. Соның бірі Қазақстан телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі. Қара шаңырақта 20 жылдан астам қызмет еткен Болат Аманбаев сыйлықтың артында ұйымшыл ұжымның еңбегі жатыр.
Болат Аманбаев, Қазақстан телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі:
Қысқасы мемлекет басшысы Павлодарды дамытудың бес бағытын айқындап берді. Бұл өндірісті өлкенің даму қарқынын арттырады деді Президент. Әрі алдағы сайлауға тоқталды. Айтуынша қазір түрлі ұйымдар мен партиялар Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат болуға шақырып жатыр. Бірақ Президент әлі таңдау жасамағанын саяси додаға ірі қоғамдық саяси коалиция атынан түсуі мүмкін екенін жеткізді.
Досжан Маратұлы