Ақтауда белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көшпелі көрме салтанатты түрде ашылды.
Іс-шара көрнекті тележурналистің 70 жылдығына арналған. Оған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, марқұмның жұбайы Қарлығаш Табылдинова, ардагер журналистер мен жастар қатысты. Олар 47 жыл өмірін Қазақ телевизиясына арнап, өмірінің соңына дейін халыққа қызмет еткен нар тұлғаның еңбегін атап өтті. «Бай-қуатты болайық!» атты көрмеге Нұртілеу Иманғалиұлының жұмыс үстелі, кітаптары, фотокамерасы мен фотолары, студент кезінде жазған қолжазбалары қойылған. Сондай-ақ, эфирге киген киімдері мен мемлекеттік наградаларын да көруге болады. Көрме Әбіш Кекілбайұлы атындағы тарихи өлке тану мұражайында қазан айының 20-сына дейін жалғасады.
Қарлығаш Табылдинова, Н.Иманғалиұлының жұбайы:
Биыл 70-ке келсем елді аралап, мына өңір-өңірді аралап, патша көңілді көрерменмен жүздесіп, өзімнің шығармашылық өмірімнен шағын көрме өткізсем деген жоспары болды. 4 жарым мыңға жуық хабар жасаса, соның жартысынан көбі үйдегі архивінде сақталған. Енді олардың бәрін әкелу мүмкін емес болды.
Аягөз Оралбайқызы