Маңғыстаулық мұғалім Абылайхан Қадыров оқушыларымен бірге «Tik-Tok»-тың жұлдызына айналды. Олардың сергіту сәтінде билеген биі желі қолданушыларына ұнағаны сонша, 1 тәулікте 1,5 млн адам қараған. Ал алматылық Темірбек Сағындықов, әлеуметтік желі арқылы қиын есепті тез шешудің оңай жолын көрсетуде.
Жас математик Темірбек Сағындықов осылай әлеуметтік желі арқылы балалардың назарын білімге аударып жүр. «Цифрлық сауаттылыққа» байланысты мұғалімдерге арналған жоба да дайындаған. Соның көмегімен ұстаздар түрлі қосымшалар арқылы сабақ өтудің жаңа тәсілін меңгереді. Оның сөзінше, цифрлық құралдармен жұмыс істеу оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятып, күрмеуі қиын тапсырмаларды қиналмай орындауға көмектеседі.
Темірбек Сағындықов, математика пәнінің мұғалімі:
Бұл жердегі негізгі мақсат - ең біріншісі бұл қазақ тілдегі контентті дамыту . Екіншісі сабақ барысында кейде оқу мақсаттары орындалмай жатады. Енді соны толықтыру үшін балаларға бір қосымша материал ретінде тик-токты қолдануға болады.
Маңғыстаулық ұстаз Абылайхан Қадыров болса, оқушыларды сергіту үшін, осындай видео түсіреді. Ол мұны балалардың «Tik-Tok»-қа қызығушылығын байқаған соң, қолға алған. Нәтижесінде оқушылардың сабаққа құлшынысы арта түскен. Жаңа әдісті тез меңгерген.
Абылайхан Қадыров, математика пәнінің мұғалімі:
1 жыл бойы жасырын түрде түсірдім. Өйткені, оқушылардан ұялдым. Сол сбепті 1 жыл бойы көрінбей, кабинетті жауып алып түсіретінбіз. Кейін оқушылардың қызығушылығын қарап отырсақ, жартысынан көбі тик-токқа қызығады екен. Кейін оқушылармен бірге тик-ток түсірейін деген ой келді.
Креативті мамандар оқу процесін жеңілдетудің жолын әлеуметтік желіден тапты. Сабақ кезінде жағымды әуендердің дауысын бәсеңдетіп қою да тиімді әдіс, дейді маңғыстаулық мұғалім. Есеп шығаруда ойлануға көмектеседі.
Аягөз Оралбайқызы