Шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес - Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес - Тоқаев

30.09.2022

Семей қаласы еліміздің тағы бір қарқынды дамыған аймағына айналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жаңадан құрылған Абай еліне алғашқы жұмыс сапарымен барды. Талай жыл тасада қалған өңірді дамыту бойынша кешенді бағдарлама әзірленетін болды. Ал облыс әкімдігіне ең бірінші міндет ретінде жаңа жұмыс орындарын көбейту ісі тапсырылды. Кездесуде геосаяси ахуал мен санкциялық текетірестер де сөз болды. Сайлау жарияланған соң Қазақстанда фейктер көбейіп, кибершабуылдар күшейді. Осылайша ел ішіне іріткі салуды көздегендер бар. Президент мұның елімізге қандай қауіп әкелуі мүмкін екенін де айтты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Семей - Алаштың жүрегі. Ұлылар мекені. Бір кездері қазақ халқының ұлттық саяси элитасы шоғырланған қала ширек ғасыр бұрын облыс орталығы деген мәртебесінен айырылып, екіұдай күйді кешіп келген еді. Дегенмен биыл тарихи әділдік орнап, Президент жарлығымен шаһарға өзіне сай статусы қайта беріліп, Абай облысы болып жаңғырды.

Облыстың ресми құрылғанына 100 күннен енді асты. Жаңа аймаққа Президент алғаш келіп отыр. Сондықтан да жергілікті жұрттың бұл сапардан күтері көп.

Президент өз сөзін бірден аймақтың өзекті мәселелерінен бастады. Өңірдің соңғы жылдардағы дамуы жаман емес. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңге, биыл 200 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған. Дегенмен әлеуметтік саладағы күрмеулі мәселелер аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын.

Иә, ширек ғасырға жуық тасада қалған Семейде жұртты алаңдатқан проблемалар аз емес. Қала тұрғындарын қарапайым күнделікті қажеттіліктер алаңдатады.

Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғаны жайында Президент те хабардар. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар да ауаны шектен тыс ластап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық.

Жаңа өңірдің қуатты аймақ болуына әлеуеті жетеді. Полигонмен іргелес жатқандықтан жер қойнауы көп жылдар бойы түртілмей келді. Енді оны зерттеп игеретін уақыт жетті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдің транзиттік мүмкіндіктері де облыс қазынасын толтыруға үлкен сеп бола алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек. Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.

Президент жиында әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Тіпті ақпараттық шабуылдар да ұйымдастырылған. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек екенін еске салды. Жаһандық саясаттағы текетерістер күшейген тұста саясаткерлер ядролық қарудың қаупі туралы да жиі айта бастаған. Ал бұл зұлматтың зардабын Семей жұрты жақсы біледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыстан бері 33 жылға жуық уақыт өтті. Бұл аймақтың тұрғындары «Қырғи-қабақ соғыстағы» ядролық әлеуетпен ақылға қонымсыз бәсекелестіктің барлық қиындығын бастан өткерді. Жақында мен бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары мінберінен айттым. Адамдардың денсаулығына, жергілікті экожүйеге орасан зор залал келді.

Жиын соңында Мемлекет басшысы аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Ал кездесу аяқталған соң Президент көпшілік ортасына түсті. Емін-еркін әңгімелесіп, мәселелерін тыңдады. Қаумалаған жұрт Мемлекет басшысын жібергісі жоқ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент Үкіметке Абай облысын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Семейді дамыту кезінде шаҺардың бірегей мұрасы мен сәулеттік келбеті сақталады. Қаланың бас жоспары да қайта жасақталмақ. Осылайша қайта түлеген өңір жаңа кезеңге қадам баспақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу