Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Жергілікті жұртшылықпен кездескен ол жаңадан құрылған аймақты дамытуға ден қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен Үкіметке Семейде жылу электр орталығын салуды тапсырды. Себебі қаланың инфрақұрылымы әбден тозған. «Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті», - деді Президент.
Сонымен қатар облыста 65 денсаулық сақтау нысаны, 11 мектеп және 14 балабақша салынады. Мемлекет басшысы кездесуде әлемде болып жатқан күрделі геосаяси ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Тіпті ақпараттық шабуылдар да ұйымдастырылған. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек екенін еске салды. Кездесу соңында Президент аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан бірнеше азаматты марапаттады.
Сонымен қатар бүгін Семейде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті, Абайтану ілімінің негізін салған Қайым Мұхамедхановқа еңселі ескерткіш ашылды. Бұл әлемге «Абай жолы» шығармасын сыйлаған алып тұлғаның 125 жылдық мерейтойы аясындағы шаралардың бірі.
Шерхан Жамбылұлы