Президент халықаралық технологиялық форум отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент халықаралық технологиялық форум отырысына қатысты

28.09.2022

Алдағы үш жылда елде кемі 100 мың ІТ маманы дайындалады. Өйткені, Қазақстан жаңа технологиялар саласында жетекші ойыншыға айналуға ниетті. Әсіресе, крипто экожүйе, цирфлық майнинг саласын дамыту керек. Бүгін Астанада «Диджитал Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумы өтті. Онда Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияға бағытталған бес міндетті атады.

Қалтаңа ақша салып, қойныңа құжат қысып жүру қалғаны қашан. Телефон түрлі төлем құралына айналды. Жеке, неке және өзге де куәлік түрлері мен диплом да цифрланған. 15 құжат сондай нұсқаға алмасты. Алда барлығы ақпараттық технологияға ауысады. Жедел әрі жеңіл. Мемлекет басшысы цифрландырудың жаңа кезеңіне көшу бағдарламасын жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government («көрінбейтін Үкімет») сапалы жаңа форматына көшу қажет. Оның мәні мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде адамға, оның қажеттілігі мен мүддесіне бағытталған. Мемлекет қабылдаған шаралар мен шешімдердің кең ауқымы азаматтарға көрінбейді, олар нақты нәтижені ғана көреді.

Әлемде цифрлық платформаға бетбұрыс жылдам жүріп жатыр. 10 жылдан кейін жер бетінде қызметтер мен өнімдердің 70 пайызы электронды нұсқаға ауысады. Бұл көштен кешігуге болмайды. Ол үшін ірі цифрлық хабтардың біріне айналу міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл үшін берік негіз бар. Бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Қазақстан цифрландырудың дамыту векторын мазмұндық жағынан да, институционалдық тұрғысынан да нақты айқындағанын атап өткен жөн.

Ел халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Оның бәрі сапалы интернетке қол жеткізген жоқ. Бірақ көп кешікпей мәселе шешімін табады. Өйткені, Қазақстан нарығына әлемдегі ірі ойыншылар тартылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Цифрлық даму министрлігі ең шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төменгі орбиталық спутниктік жүйелер желілерімен қамту жөніндегі жұмысты жандандыруы керек. Үкімет 100 пайыз интернетпен қамтылғаны туралы есеп беріп жатыр. Бірақ азаматтардың шағымына қарасақ, олай емес. 3 мыңнан аса шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы интернет жеткен жоқ. Қалай болғанда мән-жайды анықтау керек.

Қазір әлем елдері арасындағы бәсекелестік - цифрлық жетістікпен өлшенеді. Ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде ІТ маманы ауадай қажет. Кез-келген салаға серпіліс беретін солар. Әлем бойынша сұраныс 100 млн-ға жетті. Бұл цирф уақыт өткен сайын өсе береді. Сын-қатерге қамданыс қажет. Сол себептен, алдағы 3 жылда кемі 100 мың жоғары білікті маман даярлау міндеті қойылды. Мақсат – биік. Оны орындау одан да биік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT-қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ал көп кешікпей елдің үші ірі қаласы 5G технологиясына көшеді. Ол экономиканың барлық саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Жалпы, Президент бүгін Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы 5 басымдықты айқындап берді. Ол алдымен - адамға бағдарланған қызметті дамыту. IT-сала үшін қолайлы жағдай жасау. Инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау. Цифрлық экономиканы және Индустрия 4.0-ді дамыту. Соңғысы - адам капиталын нығайту. Осы бағытта жұмыстарды жандандыру керек.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу