ШҚО-да былтыр салынған жол қопарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да былтыр салынған жол қопарылып жатыр

24.09.2022

Шығыс Қазақстандағы кейбір автокөлік жолдары соңғы 25 жылда бір рет те жөнделмеген. Соның бірі - Зайсан ауданындағы Омбы-Майқапшағай-Шлікті-Ақжар бағыты. 118 шақырымдық жолдың 25 шақырымын асфальттау үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалды. Ал былтыр төселген асфальт қопарылып жатыр.

Төрт сантиметрден кем болмауы тиіс екені жобада нақты жазылған. Бірақ көлік жүргізушілерін былтыр төселген асфальттың осы көктемде қармен бірге еріп кеткені қынжылтады.

Серік Бекетаев, ауыл тұрғыны:
Ақ сызық түгел бастырылып жатыр, көрінбейді, ол жерлер жамалған. Мынаны құйған.Құйғаны қайта жарылып, түсіп жатыр. Жаңа жол салынғанша мынау жоқ болады.

Жоқ болмас үшін мердігер компанияға қайта жөндету туралы салаға жауапты басқарма басышылары хат жолдаған. Енді кепілдік бойынша қайта жөндейтін болады.

Ауыл тұрғындары үшін асфалть төселмеген бөлігі қиын болып тұр. Көктем мен күзде батпақ, қыста қар. Жазда аппақ шаң.

Рысбек Қойекенов, зейнеткер:
25 жылда 11 әкім ауысыпты. 11 әкімнің қай әкім келсе де ең алдымен айтатынымыз жол. Осы жолға бәрі сөзін береді, береді кетеді. Ешқандай орындалған ештеңе жоқ. Мынау соңғы жолауында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2025 жылға дейін мұқым жалпы жолдардың Қазақстандағы 95 пайызы жөнделсін деген тапсырама берді. Енді осы тапсырма орындала ма жоқ па?

Жалпы 118 шақырым жолдың 27 шақырымында асфальт жоқ. Егер қаржы бөлінсе келер жылы жөнделуі мүмкін.

Нұрбек Тұраров, облыстық автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Келер жылдың жол жөндеу жоспарларын бекітер кезде, осы жолдың жөндеу ұсынысын жасаймыз. Ақауларды білеміз. Қазіргі таңда мердігер компания сол ақауларды өз есебінен, өз қаражатынан жоятын болады.

Осы жолмен жүретін ауыл тұрғындары ескісін жаңалап болғанша жаңасында асфальт қалмай ма деп алаңдаулы. Ал жол қадірін жүрген білер.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу