Еуропада қазақтың ұлттық тағамдарына қызығушылық күн санап артып келеді. Әдетте жылқы етін жей қоймайтын еуропалықтар, қазір қазыны тапсырыспен алдыртатын болған. Ұлттық тағамдарымызды насихаттау үшін, жерлестеріміз Люксембургта қазақ мейрамханасын ашты.
Люксембургтың қақ ортасында орналасқан қазақ мейрамханасында үш айдан бері күнде думан, күнде той. Қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татуға жұрт Бельгия, Нидерланд пен Германиядан келуде.
Марина Шторвен, турист:
Ұлттық тағамдарыңыз бесбармақты (етті) бірінші рет жеп көрдім. Дәмі керемет. Сорпасы тамаша. Германиядағы құрбымнан естім келіп едім. Енді сүйікті мейрамханамның бірі болады.
Лин, Люксембург қаласының тұрғыны:
Тағамдарыңыз денсаулыққа пайдалы. Ет, бауырсақтың дәмі тіл үйіреді. Самсаны да осы жерден жеп көрдім. Қонақжайлықтарыңызға тәнтімін.
Талғампаз еуропалықтардың көңілінен шығу үшін мейрамхананың иесі, әрі бас аспазы Камила бір тынбайды. Шетелдіктерге қазақтың еті, қуырдағы мен бауырсағынан бөлек Орталық Азия, Еуропа елдерінің де тағамдарын дайындайды.
Камила Аубекерова, мейрамхананың қожайыны, бас аспазы:
Алғашқы мейрамхананы Алматыда ашқанбыз. Кейін жұмыс бабымен Грузияда тұрып, сол жерде де қазақ тағамдарын жасап,көпшілікке таныттық. Енді жолдасымның қызметі Люксембургқа ауысқан соң, осы жерден қазақ мейрамханасын аштық. Шетелдіктер біздің мәдениетімізбен, асханамызбен таныссын деп. Әрі осындағы жерлестеріміз үйдің тамағын сағынғанда келіп тұрсын деген мақсатта.
Люксембургта оқу, жұмыс бабымен тұрып жатқан қазақстандықтардың бұл екінші үйіне айналған. Апта сайын барлығы осында жиналып, сыр ақтарысып, елге деген сағынышын басады.
Кәмшат Мәмбетова, Люксембургтағы қазақ диаспорасының өкілі:
Бұл жерде Қазақстанның ұлттық тағамдарының бәрі бар. Қандай тамақ жегің келеді. Келіп алуға болады. Өте әдемі ресторан. Хозияндары қазақтар сыпайы, жақсы адамдар. Мен осы жерге келгеніме өте қуаныштымын.
Камиланың ендігі көздегені әсіп, жөргем, сірне сынды қазақтың жеңсік астарын ас мәзіріне енгізу. Сонан соң шағын ғимаратты кеңейтіп, қазақтың, Қазақстанның атын шығаратын Люксембургтағы ең атақты мейрамханаға айналдыру.
Нұрсұлу Қасым