Президент сайлауы: Үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы: Үміткерлерді ұсыну 23 қыркүйекте басталады

22.09.2022

Елімізде президент сайлауына үміткерлерді ұсыну ертең, яғни 23 қыркүйекте басталып, 11 қазанда аяқталады. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы алдағы ауқымды саяси науқан жайлы айтып, оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Сонымен ел басқарудан үмітті кандидаттарға қандай талап қойылады?

Досжан Маратұлы, тілші:

Президент жарлыққа қол қойып, сайлау күнін 20 қараша деп белгілегені сол еді, Орталық сайлау комиссиясы дереу дайындыққа кірісті. Ертеңнен бастап елімізде саяси науқан қызғалы тұр.

Өйткені кандидаттарды ұсыну басталады. Ел басқарғысы келетіндерге талап мынадай: үміткер Қазақстан азаматы, жоғары білімді және ел аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы керек. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, жасы 40-қа толған, сайлау құқығына ие және мемлекеттік қызметте кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Әрі сайлаушылар ішінен қол жинауы керек.

Константин Петров, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:

Үміткерлерлердің қолдаушылары сайлаушылардың кемінде 1 пайызын құрауы қажет. Дәл қазір елімізде 11 миллион 827 мың адамның дауыс беруге құқы бар. Сәйкесінше кандидаттар 118 мыңнан астам қол жинауы керек. Әрі 3 миллион теңге көлемінде жарна төлейді.

Кандидаттар жоғарыда аталған талаптарға сай келсе, ертеңнен бастап 11 қазан кешкі алтыға дейін өзін ұсына алады. Яғни 19 күн беріліп отыр. Бұдан соң, үміткерлерді тіркеу, үгіт-насихат секілді шаралар басталады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Орталық сайлау комиссиясы саяси доданың ашық, әрі әділ өтуін қамтамасыз етеміз деп отыр. Ол үшін бүгін шетелден байқаушыларды шақыру ережесін де бекітті. Сайлаудың өзі қарашаның 20-на белгіленген. Оған Үкімет резервінен 20 миллиард теңге бөлінбек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу