Түркістан облысының халқы мал жаятын жер таппай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының халқы мал жаятын жер таппай отыр

20.09.2022

Түркістан облысы Қарабастау ауылында жайылым жердің жоқтығынан төрт түлік асфальт жолда иіріліп жүр. Маңайдағы жерді қолынан келгендер иемденіп алып, айналаны қоршап тастаған. Мал ұстап, ағарған ішіп, артылғанын сатып күнелтіп келген жұрт не істерін білмей дал.

Гүләйхан үшін бала-шағасынан бұрын үйде қалған бұзауларға азық тауып беру машақатқа айналды. Күн ұзақ төлдердің орнын ауыстырып арқандаудан қолы босамайды. Аш тұрған мал жеміс ағаштарын кеміріп, бақшаның шаңын шығарған.

Гүләйхан Исахова, ауыл тұрғыны:

Топырақ жеп жатыр. Ағаштың жапырақтарын түсіріп береміз. Арқандаймыз. Бақшамыз таусылған соң малымызға қысқа деп жинаған шөптерімізді беріп жатырмыз.

Ауылдағы 150-ден астам шаңырақта бас-аяғы бір жарым мыңдай қой ешкі мен 700-ге тарта ірі қара бар.

Ғани Қалмаханов,тілші:

Ауыл ортасындағы күре жол бүгінде автокөлік пен жаяу жүргінші жүретін жер емес, төрт түліктің тұрағына айналған. Жайылымға баратын қоршауды бұзып өте алмаған мал теңселіп, көше кезіп жүреді.

Қарабастауда алақандай жер үшін талас. Осы кезге дейін соқа тимейген ойлы-қырлы жердің өзін егін егемін деп қоршап алып жатыр. Оған малың түссе айып төлейсің, көнбесең сотталасың.

Перила Маханова, ауыл тұрғыны:

Мына жерге өткенде жібердік бидай орылған соң. Сөйтсек, мына жерге түсіп кетіпті. Учаскелік полицияны шақырған 60 мың айыппұл төлемесең бермейміз деп.

Жұрттың ашынатыны сөзіне құлақ асатын билік жоқ. Жерді шетінен кертіп бөліп, құжатын рәсімдеп беріп отырған да солар.

Есімхан Әбдірей, ауыл тұрғыны:

Ауданның әкіміне де бардық. Бұлар қыстырмайды ғой былайша айтқанда. Кезінде бұл жерлер пайға бөлінбейді деп айтқан десем, жайылым жеріңді өзің тауып ал деді ғой қысқасы.

Аудандағы жер қатынастары бөлімінің басшысы бұл жәйттен мүлдем бейхабар болып шықты. Енді облыстағы құзырлы департаментпен тексеру жүргізіп көрмек.

Сәбит Әлсейітов, Қазығұрт ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Нақты айтқанда бұл жерде 5-6 жер бар. Солардың жерін тексереміз. Бұл кісілер айтып жатыр заңсыз алған деп. Департаментпен тексеріп, заңсыздықтар шықса сот арқылы қайтарамыз.

Қазығұрт ауданы бойынша заңсыз берілген немесе игерусіз жатқан 41 мың гектардай жер бар. Биыл соның 3 жарым мыңын қайтарып алу көзделіп отыр. Оның дені Қарабастау елді мекені қарайтын ауыл округінде. Бірақ жұртқа бұдан үлес тие ме, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу