Алматы облысында 213,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 213,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

20.12.2023

Алматы облысында 213 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «Жер аманаты» комиссиясы өкілдерінің өңір тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Жиында жайылым тапшылығы мәселесі талқыланды. Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданының халқы мал жаятын жер жоқ екенін айтып, шағымданған. Мәселен, жұрттың төрт түлігі жайылып келген Іле Алатауындағы «Бұғыты» сілеміндегі үлкен жер учаскесі жеке қолға өтіп кеткен. Комиссияның араласуымен екі жарым мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «AMANAT» партиясының Алматы облыстық сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 260 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылған. Бүгінде бұл жоспардың 82%-ы орындалып отыр.

Дәулет Кәрібек, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы:

Қазақстан бойынша 10 млн гектардан аса жерді біз осы бір жарым жылдың ішінде қайтарып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, «Жер аманаты» комиссиясы әділдік орнатумен жүр деп толық айта аламыз. Өйткені, заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан жерлер, одан бөлек жер иеленушілердің басып алған жерлерінің барлығын біз сот арқылы, комиссия арқылы, қайтарып жатырмыз.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу