Алматы облысында 11 жастағы баланы көлік қағып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 11 жастағы баланы көлік қағып кетті

20.09.2022

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында 11 жастағы баланы көлік қағып кетті. Мектеп оқушысы оқиға орнында қайтыс болған. Елді мекеннің 500-ден астам тұрғыны наразылық шеруіне шығып апат орын алған Алматы-Жетіген тас жолын жауып тастады. Олардың сөзінше, көлік ағылған трассада жарық шамдары жоқ, бағдаршамдар да орнатылмаған және жылдамдықты тежейтін белгілер мен бейнекамералар қарастырылмаған.

Бұл 11 жасқа толуына бір күн қалғанда ажал құшқан Мансурдың ата-анасы. Перзентімізді мәпелеп өсіріп, болашағынан зор үміт күтіп отыр едік, амал нешік қас қағым сәтте айырылып қалдық дейді.

Гүлнәр Насырова, Мансұрдың әжесі:

Мектепке барар жолда жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен. Айуандықпен қағып кетіп отыр. 220 жылдамдықпен жүрген. Бұл әділетсіздік ғой. Жаяу жүргіншілер өткелінде белгі болуы керек еді. Жазасын алсын сол адам, басқа балалардың өміріне қауіп төнбесін.

Бұл соңғы бір аптада Жаңалық ауылын кесіп өтетін Алматы-Жетіген тас жолында тіркелген екінші қайғылы оқиға. Бірер күн бұрын 15 жастағы баланы көлік қағып кеткен. Ол, да оқиға орнында көз жұмған. Ашынған жұрт шеруге шығып, жолды жауып тастады.

Оқиға орнына келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов халықты мәмілеге шақырып, көтерілген мәселелер бойынша тез арада жұмысқа кірісетінін жеткізді.

Ләззат Тұрлашов, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

Қазір түн жамылып мен сіздерге ештеңе шешіп бере алмаймын. Сондықтан осы орталарыңыздан 4-5 адамды сайлаңыз. Мені арнайы облыс әкімі жіберіп отыр. Асықпай арыз, шағымдарыңызды түсірейік.

Халықтың талабы бойынша жолға жарық берілді. Бірақ, оның қанша уақытқа дейін жанып тұрары белгісіз. Өйткені жоба әлі аяқталмапты.

Оразхан Қаспақбаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

Нысан қашан толықтай қолданысқа беріледі сонда ғана жарық болады. Яғни әрі қарай өшпейді. Қазір техникалық жағдайы дайын емес.

Бағдаршам мен бейнебақылау камераларының да қашан орнатылатыны белгісіз. Егер облыс әкімі мәселемізді шеше алмаса тағы шеруге шығамыз деп бекініп отыр. Ал жол апатына кінәлі деген күдікті ұсталып, қазір уақытша ұстау изоляторына қамалд.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу